400 пәтерден үлесі бар қазақстандық мемлекеттен баспана алуға кезекте тұрған

 depositphotos.com 22 Қазан 2026, 15:11
22 Қазан 2026, 15:11
85
Фото: depositphotos.com

Қазақстанда 400 пәтерден үлесі бар адам мемлекеттен үй алуға кезекке тұрған. Бұл туралы «Отбасы банк» Бірінші тұрғын үймен қамтамасыз ету орталығы департаментінің директоры Азат Әшімов мәлімдеді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі. 

Айтуынша, 400 пәтердің әрқайсысынан үлесі бар азамат мемлекеттен баспана алу үшін кезекте тұрған.

Біз азаматтардың келісімінсіз-ақ олардың деректерін түгендеуге мүмкіндік алғаннан кейін, 400 пәтерден үлесі бар адамды анықтадық. Бұған дейін ол өз деректерін тексеру үшін түгендеу жүргізуге келісім бермеген, – деді Азат Әшімов елордада өткен қолжетімді баспана мәселесіне арналған конференцияда.

Оның айтуынша, мемлекеттік тұрғын үй бағдарламасына қатысу үшін азаматтың соңғы бес жыл ішінде меншігінде баспанасы болмауы керек. Алайда көптеген қазақстандықтың жеке баспанасы болмағанымен, пәтерлерде үлесі бар. Мысалы, бір пәтердің үштен біріне, жетіден біріне немесе бестен біріне иелік етеді.

Мұндай үлестердің көбі 1990-2000 жылдары ата-аналарының баспанасын жекешелендіру кезінде пайда болған. Ол кезде пәтерді жекешелендіруге қатысты құжаттарға ата-анасымен бірге балаларының да аты-жөні енгізілген.

Ол балалар бүгінде есейіп, кәмелет жасына жетті. Соның нәтижесінде тұрғын үй кезегіне тұру құқығына ие болды. Бірақ ата-анасының пәтеріндегі үлестері сол күйі өздерінде сақталып қалды, – деді «Отбасы банктің» басқарушы директоры.

Осы мәселе талқыланғаннан кейін билік пәтердегі немесе үйдегі үлес 50 пайыздан аспауы керек деген шешім қабылдаған. Дегенмен кейін тұрғын үй кезегіне қою тәртібін одан әрі қатаңдатуға тура келген.

Бізде үш пәтері бар, бірақ олардың әрқайсысының үштен біріне ғана иелік ететін азаматтар болды. Яғни үлес 50 пайыздан аспауы керек деген талап оларға тұрғын үй кезегіне тұруға мүмкіндік берді, – деді ол.

Оның сөзінше, осы жағдайдан кейін жаңа талап енгізілген. Енді азаматтың үлесі 50 пайыздан аспаса да, ол тек жалғыз баспанасындағы үлес болуы керек.

Айта кетейік, 21 қазандағы мәлімет бойынша, Қазақстанда мемлекеттік тұрғын үй алу кезегінде 1 миллионнан астам адам тұр.

Бұған дейін хабарлағанымыздай, Астанада отбасының табысы белгіленген шектен небәрі 52 теңгеге асып кеткендіктен, әйел 1,5 млн теңге көлеміндегі тұрғын үй сертификатын ала алмаған. Соның салдарынан ол пәтердің бастапқы жарнасына жетпеген ақшаны табу үшін бес жылға тұтынушылық несие рәсімдеуге мәжбүр болған.

Тағы оқи отырыңыз: Тұрғын үй кезегіндегілер неге баспананы ұзақ күтеді: Зерттеу нәтижесі 

Бос пәтерлер басқа кезекте тұрғандарға беріледі: Жаңа ереже кімдерге қатысты? 

Наверх