Бос пәтерлер басқа кезекте тұрғандарға беріледі: Жаңа ереже кімдерге қатысты?

 ©BAQ.KZ коллажы 22 Қазан 2026, 12:55
22 Қазан 2026, 12:55
144
Фото: ©BAQ.KZ коллажы

Қазақстанда мемлекеттік тұрғын үйді бөлу тәртібі өзгермек. Бұған дейін белгілі бір санаттағы азаматтарға арналған пәтерлерге лайықты үміткер табылмаса, оларды басқа кезекте тұрғандарға беру мәселесі туындайтын. Енді мұндай жағдайда баспана өзге мұқтаж азаматтарға да берілуі мүмкін, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі. 

Жаңа тәртіп қалай жұмыс істейді және тұрғын үйді кімдер ала алады? Бұл туралы «Отбасы банк» АҚ Тұрғын үймен қамтамасыз ету орталығы департаментінің директоры Азамат Әшімов айтып берді. 

Әшімовтің айтуынша, ұлттық даму институты мәртебесін алғаннан кейін «Отбасы банк» қосымша міндеттерді атқара бастады. Олардың қатарында азаматтарды тұрғын үй кезегіне қою және кезекті жүргізу бар. Сонымен бірге банк жеңілдетілген ипотекалық несие беруді және жалдау ақысын субсидиялауды жалғастырып келеді.

Мемлекеттік тұрғын үй қалай бөлінеді?

Банк өкілінің түсіндіруінше, мемлекеттік қолдау шаралары азаматтардың табысы мен қаржылық мүмкіндіктеріне қарай ұсынылады.

«Мемлекеттік қолдау шаралары тұрғын үйдің қолжетімділік деңгейіне қарай бөлінеді. Яғни әр азаматтың табысы мен мүмкіндігіне байланысты тиісті қолдау көрсетіледі. Егер табысы төмен болса, жалдау ақысына субсидия беріледі. Азамат жеке нарықтан баспана жалдап, оның ақысының 50 пайызын мемлекет есебінен өтете алады», – деді Азамат Әшімов.

Оның айтуынша, ай сайынғы өтемақы мөлшері өңірге және пәтердің ауданына қарай 70–100 мың теңге болуы мүмкін.

Ал табысы жоғары азаматтарға бағдарлама талаптарына сәйкес 2%, 5%, 7% немесе 9% мөлшерлемемен жеңілдетілген ипотекалық несие қарастырылған.

Тұрғын үйді бөлу кезінде арнайы квоталар да қолданылады.

* Пәтерлердің кемінде 20%-ы жетім балалар мен ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларға беріледі.
* Тағы 50%-ы басым санаттарға, соның ішінде I және II топтағы мүгедектігі бар адамдарға және мүгедектігі бар балаларды тәрбиелеп отырған отбасыларға бөлінеді.
* Қалған 30%-ы кезекте тұрған басқа азаматтарға берілуі мүмкін.

Мысалы, 300 пәтер болса, оның 60-ы жетім балаларға, 150-і әлеуметтік осал санаттағы азаматтарға, ал 90-ы басқа кезекте тұрғандарға қарастырылады.

Кезекте тұрғандар үшін не өзгереді?

Әшімовтің айтуынша, кейбір өңірлерде белгіленген квота бойынша пәтерлерді бөлу кезінде тиісті талаптарға сай келетін үміткерлер жетіспейтін жағдайлар кездеседі.

«Кейбір өңірлерде мүгедектігі бар адамдар немесе бағдарлама талаптарына сәйкес келетін жетім балалар жеткіліксіз болуы мүмкін. Яғни белгіленген 20 пайыздық квотаны толықтыру мүмкін болмайды. Осыған байланысты Өнеркәсіп министрлігімен бірлесіп, ережеге өзгерістер енгіздік. Егер өңірде жетім балалар болмаса, қалған пәтерлер бірінші кезекте баспана алуға құқығы бар азаматтарға беріледі. Ал мұндай азаматтар да болмаса, тұрғын үй кезекте тұрған басқа санаттарға бөлінеді», – деп түсіндірді банк өкілі.

Оның сөзінше, бұл өзгерістер тұрғын үй кезегінде көп жылдан бері тұрған азаматтардың күту мерзімін созып жібермеуге бағытталған. Яғни бір санатқа арналған пәтерлерге үміткер табылмаған жағдайда, баспана басқа санаттағы азаматтарға беріліп, тұрғын үйді бөлу үдерісі жеделдеуі мүмкін.

«Біз бұл өзгерісті тұрғын үй кезегінде бұрыннан тұрған азаматтар баспанасын әлі де күтіп жүрмеуі үшін енгіздік. Мысалы, 2026 жылы кезекке тұрған адам пәтер алып, ал 2008 жылдан бері кезекте тұрған азамат тек басқа санатқа жататындықтан баспанасыз қалатын жағдай болмауы керек», – деп атап өтті Әшімов.

Жаңа тетік белгіленген квота бойынша баспана алуға үміткерлер болмаған жағдайда, бос қалған пәтерлерді кезекте тұрған басқа санаттағы азаматтар арасында қайта бөлуге мүмкіндік береді.

Айта кетейік, бұған дейін тұрғын үй кезегіндегілер неге баспананы ұзақ күтетіні айтылды. 

Наверх