400-ден астам учаске ерекше бақылауға алынды

3 Наурыз 2020, 14:07
1380
Бөлісу:
400-ден астам учаске ерекше бақылауға алынды

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Су басу қаупі төніп тұрған республикалық маңызға ие жолдардың 400-ден астам учаскесі ерекше бақылауға алынды. Бұл туралы ҚР ИИДМ баспасөз қызметі хабарлады. 

Су басу қаупін уақытылы алдын алу және жою мақсатында министрлік автомобиль жолдарын көктемгі су тасқыны кезеңіне дайындау шараларын жүргізіп жатыр. Автомобиль жолдары комитетінің бақылауына су басу қаупі төніп тұрған 464 жол учаскесі, 66 көпір мен 852 су өткізгіш құбыр алынған.

Жол қызметтері тәулік бойы кезекшілік ұйымдастырып, автожолдар мен жол құрылыстарына күн сайын патрульдеу жүргізеді. Су тасқыны кезеңінде жұмыстарды уақытылы ұйымдастыру үшін жанар-жағар майдың 644 тоннасы, құмның 8,1 мың, тастың 6,8 мың, қиыршық тастың 17,2 мың текше метрі, 45,5 мың дана қап, 25 дана темір-бетонды құбыр дайындалды. Жалпы дайындық 90% құрайды. Су өткізгіш құбырларды және көпір арналарын қардан тазалау жұмыстары басталып кетті. Су басу қаупі төніп тұрған нысандарда жол-пайдалану техникасының 883 бірлігі бекітілген, - делінген хабарламада.
Еске салайық, өткен жылғы су тасқыны кезеңінде республикалық маңызы бар автомобиль жолдарының қозғалыс бөлігі су астында қалуының 38 оқиғасы тіркелген болатын. Мұндай оқиғалардың саны бойынша Қарағанды облысы көш бастады.

Өңірдегі жолдардың су астында қалуы бойынша 26 оқиға тіркелген-ді. Ақмола облысында жол учаскелерін су басудың 7, Шығыс Қазақстан мен Павлодар облыстарында – 2, Солтүстік Қазақстан облысында – 1 оқиғасы орын алған. Осының салдарынан жол жиектері, жасанды құрылыстар шамалы бұзылған болатын.

Келтірілген залалдың жалпы сомасы 90,3 млн теңгені құрайды. Су тасқыны салдарынан болған олқылықтарды жол қызметтері дер кезінде жойды.

Өзгелердің жаңалығы