40 жыл халық сенімін ақтаған өскемендік автобус жүргізушісі

24 Маусым 2020, 15:50
2399
Бөлісу:
40 жыл халық сенімін ақтаған өскемендік автобус жүргізушісі
Фото: автордан

Шығыс Қазақстан облысы, BAQ.KZ тілшісі. Еңбек жолы бір ғана мекемемен байланысты Өскемен қаласының Құрметті азаматы Замза Қырықбаев 40 жыл бойы автобус жүргізушісі болып халық сенімін ақтаған ақсақал.

Саналы ғұмырын қоғам қажеттілігіне жаратып, халық үшін жұмыс істеген ардақты жандар арамызда аз емес. Солардың бірі – Өскемен қаласында өзінің 40 жылдық ғұмырын қоғамдық көлікпен жолаушы тасымалдауға арнаған Замза Қырықбаев ақсақал. Адамдарды қаланың бір нүктесінен екінші нүктесіне дейін аман-есен жеткізіп, 40 жыл бойы жолаушылардың алғысына бөленген Өскеменнің құрметті азаматы, үш мəрте "Еңбек Даңқы" орденінің иегері Замза ақсақалмен жүздесудің сəті түскен еді.

Жол сілтеген сəт

Күршім ауданының Ақбұлақ (бұрынғыМарқакөл ауданы Горный ауылы) ауылында 11 жылдық мектепті тəмамдаған жас жігіт облыс орталығында тұратын апайының қолына келген екен. Жаздың шіліңгір ыстығында екі қолға бір күрек іздеген ол үйде жатқан ескі газетті парақтап отырған кезде жарнамаға көзі түседі.

Онда нөмірі бірінші автопарк үшінші сыныптағы жүргізушілерді екінші сыныпқа жоғарылатып оқытып, автобус рөліне отырғызатыны жөнінде жазылған екен. Жастықтың буы ма, білмедім. Екі ойлы болып, барарымды, не бармасымды ойланып біраз уақыт жүрдім. Барлық адамдар бастық болса, қара жұмысты кім істейді сонда? Бір аптадан соң автопаркке барып оқу бітіргенім туралы аттестат пен жүргізуші курсын тәмамдаған құжаттарымды тапсырдым, - деп бастады əңгімесін Замза ақсақал.
Топтың жиналып қойғанын, бір аптадан соң келуін айтқан автопарктың кадр қызметі жігітті кері қайтарады. Апта өткізіп қайта барған оны оқыту комбинатына үш жарым айлық оқуға жібереді. Оқуын аяқтаған Замза Қырықбаев 1960 жылы Өскемен қаласындағы №1 автопаркте автобус рөліне отырады. Оның ғұмырлық ісіне айналған кəсібі осылайша басталып кетеді.
Автобус рөліне отырып, жолаушыларды тасымалдауға ол кезде екінің бірін жібере бермейтін. Жүргізуші болғанның өзінде оның сыныбы бірінші немесе екінші болуы керек. 1960 жылы автобус рөліне отырғаннан бастап 2000 жылға дейін 40 жыл бір мекемеден ешқайда кетпей еңбек еттім, - дейді Замза Қырықбаев.

Марапаттан кенде емеспін...

Қала ішіндегі бағыттарда №10, 7, 25, 24, 27, 38, 42, 19 автобустарды алғашқылардың бірі болып жүргізген ол бұл жұмыста қазақ ұлты өкілдерінің аз болғанын айтады. Бес жыл бір орында тұрақты жұмыс істеген оған мекеме басшылығынан коммунистік партия қатарына өту жөнінде ұсыныс түседі.

Жанымда жүргендер "Партия қатарына өтсең, жауапкершілігің көбейіп, үнемі бақылауда жүретін боласың" деп қорқытып қойды. Өмірде əлі де болса ештеңе көрмеген мен елдің сөзіне еріп қашқақтап жүрдім. Бір жолы өзім жұмыс істейтін мекемедегі аға кассир əйел әрі "Еңбек Қызыл Ту" орденінің иегері жаныма жақындап келіп "Өзің еңбекақыны басқалардан көп аласың. Ішімдік ішпейсің, қол қусырып отырмай күндіз-түні көлік жүргізесің, мүмкін партия қатарына өтерсің" деген ұсыныс жасады. Көпшіліктің қорқытқан сөздері есіме түсіп, басымды ала қаштым, - дейді Замза ақсақал.

Алайда, бір жолы өткен той оның партиядағы тағдырын шешіп берді. Тойда Замза Қырықбаевтың апайымен танысқан аға кассир оның партия қатарына өтпей жүргенін сөз етеді.

Үйге келсем, апайым қабағынан қар жауып отыр екен, "Үлкен адамның тілін алмай, партия қатарына өтпей жүр екенсің. Барып кешірім сұрап, айтқанын істейтін бол!" демесі бар ма?!, - деп сөзін жалғады ол.

Апайы екеуі арасындағы сол əңгімеден кейін партия қатарына өткен ол біраз уақыттан соң КОКП Қалалық комитетіне мүше болып қабылданады. Кейінгі жылдары үш рет облыстық кеңестің депутаты, үш рет КОКП Облыстық комитетінің мүшесі болып сайланып, 1975 жылы Үшінші дəрежелі "Еңбек Даңқы" орденімен марапатталады. 1980 жылы екінші дəрежелі орденге қол жеткізеді.

Басты мақсат –миллион шақырым!

Бір жолы партияның аудандық комитетіне шақырып жатыр деген хабарлама келді. Бастапқыда жүрексінгенімді жасырмаймын. Ол кезде қателікке жол берсең, жазаға ұшырап кетуің əбден мүмкін болатын. Лауазымды адамдар отыратын кабинет ішіне шенділер жиналған екен. Олар маған "Сен жоғарғы социалистік міндеттемелерді орындауың қажет. Біз сені ұсынып отырмыз" деді олар, - дейді Замза ақсақал.

Жоғарғы дəрежелі орденге қол жеткізу оңай болмады. Ол үшін жаңа автобуспен 1 миллион шақырымды артқа тастау қажет еді. Партияның қойған міндетін Замза ақсақал орындауға кірісіп кетті. Екі күндік демалысы бір күнге қысқарып, жұмыс уақыты ұзарған ол төрт жыл жеті айдан кейін 1 миллион шақырымды артқа тастайды. 1986 жылы бірінші дəрежелі "Еңбек Даңқы" орденін алған Замза Қырықбаев Қазақ КСР Жоғарғы кеңесінің депутаты болып сайланады.

КОКП ХХVІІ съезіне сайланған делегаттар қатарында 1986 жылдың ақпан айында Мəскеуге бет алдым. Кремльде Куба коммунистік
партиясының төрағасы Фидель Кастроның қолын алып, белгілі адамдармен иық тірестіре отырдым. Өмірім жаман болды деп айтпаймын. Адамның қолы жететін жетістіктердің барлығына жеттім. 40 жыл бір орында жұмыс істеп, еңбек кітапшамда жұмысқа қабылдануым мен зейнеткерлікке шыққаным туралы екі ғана жазбаның болуы көп адам үшін таң қаларлық жайт екені белгілі», - деп сөзін жалғастырды Замза Қырықбаев.

Өткен өмірге өкініш жоқ

Бірінші болып "КАвЗ" маркалы автобусын жүргіздім. Сонан соң "ПАЗ-652", "ПАЗ-672", алты жəне сегіз цилиндрлі "ЛАЗ", "ЛиАЗ" автобустарын жүргіздім. Сегіз цилиндрлі "ПАЗ-672" келген кезде бейнебір шетел автокөлігі келгендей таң қалдық. "ЛАЗ" автобустарының алты цилиндрлісі келген кезде біраз қиналдық. Оның артқы жартылай осі əлсіз болды. Халықты көп тиеп жүріп келе жатқанда тарс етіп сынып кетеді. Автобус салонына мұндай қосалқы бөлшектің бірнешеуін салып жүреміз. Бұзылып қалған жағдайда халықты автобустан түсіріп, өзім жөндеп кететінмін. Кейінгі жылдары "ЛиАЗ" автобустары келген кезде өте тамаша болды. Оның артқы жартылай осі венгриялық марка үлгісінде жасалған болатын. Өте сапалы болды. Оның құрылымын да білмейміз, тек майын ғана тексереміз», - дейді Замза Қырықбаев.

Қырық жыл автобус жүргізген ақсақал автобустың салоны мен жартылай осінің ғана миллион шақырымға шыдайтынын, ал қозғалтқыш, аккумулятор жəне тағы да басқа бөлшектері ауыстырылып отыратынын айтады.

Еңбегім бағаланып, өзім де жеке көлік міндім. Бірінші автокөлігім "Москвич" маркалы көлік болды. Кейін 1975 жылы шығарылған "ВАЗ-2106" автокөлігін алдым. 1986 жылы "Волга" жеңіл көлігін жүргіздім. Осылайша ол кезде тек шекпенділер ғана жүретін автокөліктермен жүрдім. Ал 2017 жылы Жеңіс күні мерекесі қарсаңында жергілікті әкімдік "Лада калина" көлігін сыйға тартты. Облыс орталығында бастапқыда екі бөлмелі, кейін төрт бөлмелі пəтерді жертөледегі көлікжайымен тегін алдым, - дейді ақсақал.

Алға қойған мақсаттары əлі де көп

Жас кезімде көп іс тындырдым деп қол қусырып, бос жатуды ойлаған емеспін, - дейді ақсақал. 

Ол зейнеткерлікке шыққаннан кейін Өскемендегі өнерлі ақсақалдардан құралған "Ата-мұра" ансамблінің құрамына кіріп, жер-
жерді аралап, қоғамдық жұмыстарға белсене араласып жүр. Ансамбль құрамында домбыра шертіп, баянда ойнап, əн салатын нағыз сегіз қырлы, бір сырлы адамның өзі деуге болады. Облыс пен республика өңірлеріне, алыс-жақын шетелдерге шығып қазақ өнерін көпшілікке насихаттауға білек сыбана кіріскен Замза Қырықбаев алдына қойған мақсаттарының әлі көп екенін айтады.

Топтағы ақсақалдардың барлығымыз да арнайы музыкалық оқу оқымағанбыз, нота білмейміз. Жаратқанның берген дауысы мен өнерін іште қалдырмай, халыққа паш етудеміз. Ресей мен Монғолия елдерінде болып, енді Қытайдағы ағайынға жол тартып, ұлттық өнерден сусындатуды ойлап отырмыз, - дейді ол.

Жастайынан көлік рөліне отырған бозбала бүгінде құрметті ақсақал. Тарих парақтарында қатталып қалған жылдарда қоғам дамуына ерен еңбек сіңірген ақсақал сексеннің сеңгіріне таяса да тың. Құрметті демалысқа шығып, үй мен саяжайдың арасында ғана қалып қоймауды ойлаған ол қоғамдық жұмыстарға белсене араласуда. Өміріне өкпесі жоқтығын алға тартқан Замза Қырықбаев бүгінде екі ұлдың əкесі, жеті немеренің атасы. Ол бұрын өзі жүргізген "Волга", "Москвич" көліктерін өзінің ұлдарына аманат етіп берген екен. Төрт жыл жеті айда 1 миллион шақырымды жүріп өткен ол қырық жыл бойы қанша шақырым жерді бағындырды екен?! Ол жағы бір
Жаратқанға ғана аян. Саналы ғұмырының басым бөлігін жол үстінде өткізген Замза атамыз "Кейінгі ұрпақтың бабалар үмітін ақтап, үлкенге деген құрметті ұмытпаса игі болар еді"  деген тілегін айтты.

Өзгелердің жаңалығы