АҚШ президенті Дональд Трамп ресейлік әріптесі Владимир Путинмен телефон арқылы сөйлесті, оның барысында Ақ үй басшысы Вашингтонда Украина президенті Владимир Зеленскиймен және ЕО көшбасшыларымен келіссөздердің нәтижелері туралы айтты, деп хабарлайды BAQ.KZ РИА Новостиге сілтеме жасап.
Ресей президентінің көмекшісі Юрий Ушаковтың айтуынша, телефон арқылы сөйлесу АҚШ президентінің бастамасымен болған, әңгіме шамамен 40 минутқа созылған. Ушаков әңгіме "ашық және өте сындарлы" өткенін атап өтті.
Путин мен Трамп Ресей мен Украина делегациялары арасындағы тікелей келіссөздерді жалғастыруды қолдайтынын білдірді. Президенттер келіссөздерде Мәскеу мен Киев өкілдерінің деңгейін көтеру мүмкіндігін зерттеу идеясын талқылады.
Сондай-ақ екі ел басшылары Украина және басқа да мәселелер бойынша байланыстарды жалғастыруға келісті.
Трамп Путинмен сұхбаты туралы Truth әлеуметтік желісіндегі парақшасында хабарлады.
Кездесулерден кейін мен президент Путинге телефон соғып, президент Путин мен президент Зеленскийдің кездесуіне дайындала бастадым. Осыдан кейін біз үшжақты кездесу өткіземіз, оған президенттер де, мен де кіреді, - деп жазды Трамп.
Бұл арада France Presse ақпарат көзі хабарлағандай, Путин телефон арқылы сөйлескен кезде Трампқа Зеленскиймен кездесуге дайын екенін айтты.
18 тамыз, дүйсенбі күні кешке Трамп Зеленскиймен және Еуропа лидерлерімен келіссөздер жүргізді. Ашық бөлік жарты сағатқа созылды.
Келіссөздерге НАТО бас хатшысы Марк Рютте, Еуропа комиссиясының төрағасы Урсула фон дер Лейен, Ұлыбритания премьер-министрі Кейр Стармер, Франция президенті Эммануэль Макрон, Германия канцлері Фридрих Мерц, Финляндия президенті Александр Стубб және Италия премьер-министрі Джорджио Мелони қатысты.
Трамптың өзі кездесуді "өте жемісті" деп атады. Оның айтуынша, тараптар Украинаның әртүрлі еуропалық елдері АҚШ-пен келісе отырып беретін қауіпсіздік кепілдіктерін талқылады.