Қазақстанның соңғы жаңалықтары

4 жылда Арал теңізінің 672 мың гектар құрғаған табанына сексеуіл егілді

Бүгiн, 00:53
170
Бөлісу:
 Климаттың өзгеруі және жасыл энергетика бойынша Орталық Азияға арналған жобалық офисі
Фото: Климаттың өзгеруі және жасыл энергетика бойынша Орталық Азияға арналған жобалық офисі

Оңтүстік Қазақстандағы жерлердің шөлейттену үдерістерін тоқтату және деградацияға ұшыраған аумақтарды қалпына келтіру мақсатында 2021-2024 жылдар аралығында Арал теңізінің құрғаған аумағында 672 мың гектар жерге сексеуіл отырғызу жұмыстары жүргізілді, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Аталған ақпаратты Климаттың өзгеруі және жасыл энергетика бойынша Орталық Азияға арналған жобалық офисі жариялады.

2024 жылға арналған Қазақстан Республикасының қоршаған ортаның жай-күйі және табиғи ресурстарды пайдалану туралы Ұлттық баяндамасында атап өтілгендей, орман-мелиорациялық шаралар шөлейттенуге қарсы күрестің ең тиімді тәсілдерінің бірі болып саналады. Осыған байланысты Арал теңізінің құрғаған аумағында бірнеше жыл бойы сексеуіл егу жұмыстары жүйелі түрде жүзеге асырылып келеді.

Қазақстан Республикасы Экология және табиғи ресурстар министрлігі Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитетінің деректеріне сәйкес, Арал теңізінің құрғаған аумағының жалпы ауданы 6 млн гектарды құрайды, оның ішінде 2,8 млн гектары Қазақстан аумағында орналасқан.

Төрт жыл ішінде жүргізілген орман-мелиорациялық жұмыстардың жалпы көлемі 672 мың гектар болды, оның ішінде: 2021 жылы – 101 мың гектар, 2022 жылы – 250 мың гектар, 2023 жылы – 194 мың гектар, 2024 жылы – 127 мың гектар. Бұл жұмыстар vемлекет басшысының Арал теңізінің құрғаған аумағында 2025 жылға дейін 1,1 млн гектар сексеуіл орманын қалыптастыру жөніндегі тапсырмасын орындау аясында жүзеге асырылуда, – деп жазылған мәліметте.

Сексеуіл егу жұмыстары үшін сапалы отырғызу материалымен қамтамасыз ету мақсатында 2024 жылы Қазалы қаласында Дүниежүзілік банк қаржыландыратын жоба аясында 33 гектар аумақта жылына 3 млн дана сексеуіл және галофит бұталарының көшеттерін өндіретін жаңа орман көшеттігі салынды. Галофиттер – тұзды топырақтарда өсетін, шөл жағдайына бейімделген өсімдіктер.

Сонымен қатар, Экология және табиғи ресурстар министрлігі ғылыми сүйемелдеу арқылы Арал теңізінің құрғаған аумағында тікелей орналасатын жаңа орман көшеттігін салуда. Оның жалпы ауданы 15 гектар, жылдық қуаттылығы 1,5 млн сексеуіл көшеті болады. Мұнда өсірілетін отырғызу материалы аймақтың аридті климаттық жағдайларына анағұрлым жақсы бейімделетін болады.

Жалпы алғанда, жүргізіліп жатқан орман-мелиорациялық іс-шаралар аймақтың шаң көтеру деңгейін төмендетуге, тозған жерлерді қалпына келтіруге және тұрақты экожүйелер қалыптастыруға бағытталған.

Айта кетейік, 2026 жылғы 22-24 сәуірде Астана қаласында Орталық Азия елдерінің экологиялық және климаттық мәселелерін талқылауға арналған Өңірлік экологиялық саммит өткізу жоспарлануда. Саммиттің негізгі тақырыптарының қатарында – Арал теңізінің құрғауы, Каспий теңізі деңгейінің төмендеуі және климат өзгерісінің салдары.

Өзгелердің жаңалығы