Қазақстанда 4 пайыздық автонесие бағдарламасының қайта іске қосылуы қоғамда жиі талқыланып жүр. Бағдарламаның болашағына қатысты сұрақтарға Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі Өнеркәсіп комитеті төрағасының орынбасары Мұхамед Андаков түсініктеме берді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Оның сөзінше, 4 пайыздық автонесие бағдарламасы айналмалы (карусельді) қағида бойынша жұмыс істейді.
Бағдарламаның бастапқы кезеңінде бөлінген шамамен 80 млрд теңге нарықта айналымда болды. Қарыздар қайтарылған сайын бұл қаражат банктерде қайта жинақталып, қайтадан автонесие ретінде нарыққа шығарылуы тиіс еді, – деді ол.
Алайда кейін бағдарлама аясында екінші кезеңде бөлінген 100 млрд теңге қайта қаралған. Бұл қаражат жеке автокөліктерге емес, автобустарды лизингке алу арқылы автопарктерді жаңартуға бағытталған.
Соның салдарынан, жеке тұлғаларға арналған автонесие сегментінде бағдарламаның белсенділігі төмендегендей әсер қалыптасты. Дегенмен, ведомство өкілі бағдарламаның толық тоқтатылмағанын атап өтті.
Бағдарлама жалғаса береді, – дейді Андаков.