Қазақстан Республикасының Энергетика министрлігі Қарашығанақ жобасына қатысушылардың халықаралық арбитраждық талқылау қорытындысы бойынша ықтимал қаржылық міндеттемелеріне қатысты жарияланымдарға түсініктеме берді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Бұған дейін Bloomberg агенттігі дереккөздерге сілтеме жасап, Қарашығанақ кен орнын игеріп жатқан мұнай компаниялары арбитражда жеңіліс тапқанын хабарлаған болатын. Басылым мәліметінше, консорциум Қазақстанға 4 млрд АҚШ долларына дейін өтемақы төлеуге міндеттелуі мүмкін, алайда нақты сома сот шешімімен әлі айқындалмаған.
BAQ.KZ редакциясының ресми сауалына жауап берген Энергетика министрлігі бұл арбитраждық іс бойынша қандай да бір мәліметті жариялауға құқылы еместігін мәлімдеді.
Аталған арбитражға қатысты барлық материалдар, оның ішінде нақты мән-жайлар туралы мәліметтер Өнімді бөлу туралы түпкілікті келісімнің, сондай-ақ дауға қатысушы тараптар арасындағы арбитраждық келісімнің құпиялылық режиміне жатады және бұл талап процестің барлық қатысушылары үшін міндетті. Осыған байланысты Қазақстан Республикасының Энергетика министрлігі уәкілетті тұлға шектеулерді алып тастағанға дейін ақпаратты ашуға, түсіндірме беруге, пікір білдіруге немесе қаралып жатқан істің мән-жайларын өзге де түрде талқылауға құқылы емес. Құпиялылық режимі өзгертілмейінше, қандай да бір қосымша ақпарат беру мүмкін емес, - деп жауап берді министрлікте.
Америкалық БАҚ атап өткендей, арбитраждық сот Қазақстанның позициясын қолдап, үкімет негізсіз өтелді деп есептеген шығындарды өтеу мәселесі бойынша шешім шығарған. Атап айтқанда, бекітілмеген артық шығындар мен өтелуге жатпайтын өзге де шығыстар сөз болып отыр.
Сондай-ақ сот мұнай компанияларының талап қою мерзімі өтіп кетті деген уәжбен істі ішінара тоқтату жөніндегі өтінішін қанағаттандырмағаны хабарланды. Қарашығанақ кен орны Eni, Shell және басқа да серіктестер қатысатын халықаралық консорциум тарапынан игерілуде.