Мемлекет басшысы Ішкі істер министрі Ержан Сәденовті қабылдады, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Ержан Сәденов:
еліміз бойынша кісі өлтіру, бұзақылық, ұрлық, қарақшылық, тонау және мал ұрлығына қатысты қылмыстар санының айтарлықтай төмендеуіне ықпал еткен алдын алу шаралары туралы мәлімет берді. Көшелердегі қауіпсіздік деңгейінің артқаны атап өтілді;
құқық бұзушылықтарға «мүлде төзбеушілік» және жазаның бұлтартпастығы, кәмелетке толмағандардың құқығын қорғау жөнінде баяндады;
интернет-алаяқтыққа қарсы іс-қимыл бойынша жүргізіліп жатқан жұмыстар жөнінде айтты.
Атап айтқанда, жыл басынан бері ауыспалы нөмірлерден шалынған 37 миллион қоңырау бұғатталып, заңға қайшы контенті бар 16 мың сайт анықталды;
нашақорлыққа және есірткі бизнесіне қарсы күрес жөніндегі 2023-2025 жылдарға арналған кешенді жоспардың іске асырылуы туралы ақпарат берді.
Оның айтуынша, 31 тоннадан астам есірткі және 79 тонна прекурсор тәркіленіп, 39 есірткі зертханасын жойылған;
қылмыстық-атқару жүйесі мен Ұлттық ұлан қызметінің қазіргі жай-күйі туралы айтты.
Қасым-Жомарт Тоқаев еліміздегі құқықтық тәртіп пен қоғамдық қауіпсіздік деңгейін одан әрі арттыруға бағытталған бірқатар тапсырма берді.