380 ауылдың ауыз су мәселесі шешілді

1 Маусым 2021, 18:25
5501
Бөлісу:
380 ауылдың ауыз су мәселесі шешілді

Ақмола облысы, BAQ.KZ тілшісі. Ақмола облысында «Жол картасы» бағдарламасы бойынша 605 елді мекеннің 380-і орталықтандырылған ауыз сумен қамтамасыз етілді. Бұл туралы өңірдің энергетика және ТКШ басқармасының басшысы Иван Юрченко мәлімдеді.

Президент тапсырмасына сәйкес, барлық елді мекендер сапалы ауыз сумен қамтамасыз етілуі тиіс.

Ақмола облысында өткен жылы аумақтарды дамыту бағдарламасына сәйкес қалалық елді мекендерді орталықтандырылған сумен жабдықтауға қол жеткізу бойынша жоспарлы көрсеткіш 98,8%-ды құрады. Оған Степногорск қаласының су тазарту қондырғыларын жаңарту, сондай-ақ жаңа абоненттерді қосу есебінен қол жеткізілді. «Ауылдық елді мекендерді орталықтандырылған сумен жабдықтауға қол жеткізу бойынша жоспарлы көрсеткіш 82,8%-ды құрап отыр, - дейді Иван Юрченко.

Оның айтуынша, бұл жобаларға Ақкөл ауданының Азат, Целиноград ауданының Қаражар, Целиноград ауданының Жаңа жол, Бұланды ауданының Капитоновка, Ерейментау ауданының Бестоғай және Біржан сал ауданының Аңғал батыр ауылдарындағы сумен жабдықтау, тарату желілерін жаңарту кіреді.

2021 жылы Ақкөл ауданының Жалғызқарағай,, Целиноград ауданының Фарфор, Целиноград ауданының Шұбар, Целиноград ауданының Тайтөбе, Қорғалжын ауданының Өркендеу және Атбасар ауданының Бейіс-Хазірет ауылдарындағы сумен жабдықтау желілері бойынша тағы алты жобаны іске асыру арқылы ауылдық елді мекендер бойынша орталықтандырылған сумен жабдықтауға қол жеткізу көрсеткішін 84,1%-ға жеткізу жоспарланып отыр. Бүгінгі таңда облыс халқының орталықтандырылған сумен қамтамасыз етілуі 89,7% - ды, қамтамасыз етілмегендері - 10,3% - ды құрайды, - деп атап өтті басқарма басшысы.

Оның мәлімдеуінше, Жол картасына сәйкес Ақмола облысы бойынша 2025 жылға дейін орталықтандырылмаған сумен жабдықталған 225 елді мекеннің 107-інде сумен жабдықтау желілерін салу, 57-інде аралас блок-модульдер орнату қажет.

Жоғарыда аталған жол картасын орындау үшін бес жыл ішінде 107 елді мекенде сумен жабдықтау желілерін салу жоспарлануда. 2021 жылы – 10 елді мекенде, 2022 жылы 30, 2023 жылы 20, 2024 жылы 22 және 2025 жылы 25 ауылда сумен жабдықтау жүйелері салынады. 2021 жылға 10 жобаға қаражат бөлінді. Бүгінгі таңда сегіз жоба республикалық бюджетті нақтылауда, жалпы сомасы 12 млрд теңгеге тағы 25 жоба әзірленуде, - деп түсіндірді Иван Юрченко.

 57 ауылды санитарлық нормалар мен сапаға сәйкес келетін ауыз сумен қамтамасыз ету үшін жергілікті сумен жабдықтау жүйесін орнатқан жөн. Оның бірден бір тәсілі – аралас блок-су тазарту модульдері болып табылады. Өңірдің 61 елді мекенінің даму әлеуеті төмен, сондықтан мұнда сумен жабдықтау жүйелерін салу орынсыз деп танылды. 61 елді мекенде халықтың тұрақты көшуі байқалады, әрі жақын арада жабылу алдында тұр. 

Өзгелердің жаңалығы