Алматы облысында 38 мыңнан аса жұмыс орны ашылуы мүмкін

23 Желтоқсан 2019, 20:28
2941
Бөлісу:
Алматы облысында 38 мыңнан аса жұмыс орны ашылуы мүмкін

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Алматы облысында 2026 жылға дейін жаңа жобаларды іске қосу есебінен 38 мыңнан астам жұмыс орнын ашу жоспарланып отыр, деп хабарлады облыстық индустрия және инфрақұрылымды дамыту басқармасында.

2019 жылдың 11 айының қорытындысы бойынша өңірде 277 жобаның (1,9 трлн теңге, 20 мыңнан астам жұмыс орны) инвестициялық жобаларының тізбесі қалыптастырылды, - деп түсіндірді ведомствода.

Сонымен қатар, қазіргі уақытта 2,9 трлн теңгеге 144 жоба пысықталып жатыр. Атап айтқанда, қаржыландыру іздестіріліп, қажетті құжаттар әзірленіп жатыр. Осы жобалар есебінен 18 мыңнан астам жұмыс орнын ашу жоспарланған. Жаңа өндірістер 2019-2026 жылдары іске қосылады.

Мемлекеттік құрылымның хабарлауынша, жобаларды агроөнеркәсіп кешені, тамақ және жеңіл өнеркәсіп, баламалы энергия көздерін пайдалану, туризм сияқты салаларда жүзеге асыруды жоспарлап отыр.

Қазақстанда трансұлттық компаниялардың қатысуымен іске асырылып жатқан 16 жобаның тоғызы Алматы облысын таңдады: "Лукойл" (Ресей), Phoenix Global DMCC (БАӘ), Mareven (Кипр), Wilo (Германия), Baumann Gmbh & Co.Kg (Германия), Farm Frites (Нидерланды), Inalca S.P. A (Италия), Nemish Pharma (Үндістан). Оларды іске асыру нәтижелері бойынша 1,5 мыңнан астам жаңа жұмыс орындары құрылып, 141,2 млрд теңгеден астам инвестициялар тартылады деп күтіледі, - делінген хабарламада.

Өзгелердің жаңалығы