Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. 2030 жылға қарай, әлем бойынша 370 миллион адам қайта оқытудан өтіп, мамандығын ауыстыруға мәжбүр болады. Бұл туралы бүгін елордада өтіп жатқан XII Астана экономикалық форумында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев айтты.
«Бүгінде мобильді, креативті және адами капитал кез келген экономика табысының негізгі аспектісі болып отыр. Технологиялардың қолжетімділігі мен дамуының арқасында қазіргі кезде әлемдік экономикадағы жұмыс орындарының жартысы автоматтандырылып үлгерді. Енді, 2030 жылға қарай, әлем бойынша 370 миллион адам қайта оқытудан өтіп, мамандығын ауыстыруға мәжбүр болады. Бұл көрсеткіш жаһандық жұмыс күшінің 14 пайызын құрайды. Тіпті табыс деңгейі төмен және орташа елдердің өзінде көптеген адам 30 жыл бұрын біз естіп-білмеген жаңа мамандықтар бойынша жұмыс істеп жүр», - деді Елбасы.
Айта кетейік, АЭФ-тың басты мақсаты – жаһандық үрдістерді зерттеу және Қазақстан дамуының практикалық саясатын жасау үшін экономикалық саясат пен ғылым саласында тәжірибе алмасу алаңын құру. Астана экономикалық форумы 11 жылдың ішінде әлемдік экономика мен қаржы жүйесін жетілдіру және дамыту мәселелерін талқылауға арналған ең беделді халықаралық платформалардың бірі ретінде мәртебеге ие болды. Форумға әлемнің 150 елінен 50 000-ға жуық делегаттар, оның ішінде 20-дан аса Нобель сыйлығының лауреаттары және 30 жоғары дәрежелі шетелдік саяси қайраткерлері қатысып үлгерген.
Бұған дейін Елбасы Нұр-Сұлтан қаласын санкцияларды талқылайтын алаң ретінде ұсынғаны туралы хабарлағанбыз.