Синоптиктер 20, 21 және 22 желтоқсандағы ауа райы болжамын жариялады, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Алдағы үш тәулікте ауа райы күрт құбылмалы болады. Республиканың басым бөлігінде қар жауып, боран соғады. Қазақстанның солтүстік-батысында, солтүстігінде, шығысында және орталығында да қалың қар жауады.
Батыс және оңтүстік өңірлерде жауын-шашын жаңбыр мен қар түрінде түседі. Ал еліміздің оңтүстігі мен оңтүстік-шығысындағы таулы аймақтарда қалың қар жауады.
Ел аумағында тұман түсіп, көктайғақ болады, жел күшейеді.
Синоптиктердің болжамынша, Қазақстанның солтүстік-батысында, солтүстігінде, шығысында және орталығында ауа температурасы күрт құбылып, 0–5 градустан -18–30 градус аязға дейін төмендейді. Ал Қостанай және Солтүстік Қазақстан облыстарында -33–35 градусқа дейін аяз күтіледі.
Еліміздің қалған аумағында температурада айтарлықтай өзгеріс болмайды, - деп мәлімдеді метеорологтар.
Еске салайық, бұған дейін синоптиктер Қазақстанда қыс қандай болатынын хабарлаған еді.