35 жыл бойы Тунисте тұрған Саддам Хусейннің ұшағы сатылмақ

Болашақ сатып алушы ұшақтарды тасымалдау, кедендік рәсімдеу және салық төлемдерін өз есебінен өтеуі керек. Саудаға қатысу үшін әр әуе кемесіне 180 мың доллар көлемінде кепілдік жарна төлеу талап етіледі.

 Bild  басылымы 23 Қараша 2026, 05:41
23 Қараша 2026, 05:41
122
Фото: Bild басылымы

Ирак билігі 1991 жылдан бері Тунисте тұрған екі Boeing 747 ұшағын сатуға қойды. Олардың бірі кезінде Ирактың бұрынғы басшысы Саддам Хусейннің үкіметтік сапарларына арналған әуе кемесі болған. Әр ұшақтың бастапқы бағасы 1,8 миллион доллар болып белгіленген. Бұл туралы Bild басылымы жазды.

1991 жылы Парсы шығанағындағы соғыс кезінде Ирак билігі екі ұшақты әскери қимылдардан аман алып қалу мақсатында Туниске жіберген. Алайда соғыс аяқталғаннан кейін де әуе кемелері елге қайтарылмаған. Бұған халықаралық санкциялар, қаржылық мәселелер мен ұшақтарды ұзақ уақыт сақтауға байланысты шығындар себеп болған.

Сатылымға қойылған ұшақтардың бірі – YI-ALM тіркеу нөмірлі Boeing 747SP. Ол 1982 жылы құрастырылып, арнайы үкіметтік сапарларға арнап жабдықталған. Әуе кемесінің ішінде жеке апартаменттер, келіссөздер өткізуге арналған зал және жолаушылар демалатын арнайы салон болған. «Әл-Қадисия» атауын алған бұл ұшақ 1991 жылдың қаңтарынан бері Тозер-Нефта әуежайында тұр.

Iraqi Airways әуе компаниясы Саддам Хусейннің осы ұшақты пайдаланғанын ресми түрде растаған жоқ. Дегенмен ұшақтың арнайы жабдықталуы мен мұрағаттық фотосуреттер оның Ирак басшылығымен байланысты болғанын аңғартады. 1983 жылдың қазанында әуе кемесі Хусейн қатысқан үкіметтік келіссөздер кезінде Лондонда болған. Сондай-ақ 1986 жылы Ирак басшысының Мәскеуге сапары кезінде оның Boeing 747SP ұшағының жанында түскен суреттері жарияланған.

Екінші ұшақ – YI-AGP тіркеу нөмірлі Boeing 747-200. Ол жолаушылар мен жүк тасымалына пайдаланылған және 330 адамға дейін қабылдай алған.

Екі әуе кемесі де ешқандай кепілдіксіз сатылмақ. Iraqi Airways ұшақтардың қазіргі техникалық жағдайы мен ұшуға жарамдылығы туралы нақты мәлімет бермеген. Ал Тунис ақпарат құралдарының жазуынша, олардың қазіргі күйі коммерциялық мақсатта пайдалануға жарамсыз болуы мүмкін.

Болашақ сатып алушы ұшақтарды тасымалдау, кедендік рәсімдеу және салық төлемдерін өз есебінен өтеуі керек. Саудаға қатысу үшін әр әуе кемесіне 180 мың доллар көлемінде кепілдік жарна төлеу талап етіледі.

Айта кетейік, Ирак билігі бұл ұшақтарды 2023 жылы да сатуға әрекеттенген. Алайда сол кезде сатып алушы табылмады. Ол уақытта әр ұшақтың бағасы 494 мың доллар болған.

Ұшақтарды Тунисте ұзақ уақыт сақтау Иракқа қомақты қаржыға түсіп отыр. Мәселен, 2020 жылы ел билігі әуе кемелерінің тұрақ ақысы бойынша жиналған берешекті өтеуге шамамен 5,4 миллион доллар төлеген.

Наверх