Ақтөбе облысында криптовалюта саудасымен айналысқан қылмыстық топ ұсталды, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
ҚМА Ақтөбе облысы бойынша департаменті прокуратураның үйлестіруімен цифрлық активтер айналымы саласында заңсыз кәсіпкерлік қызметті жүзеге асырған, сондай-ақ қылмыстық кірістерді заңдастырған ұйымдасқан қылмыстық топты құру және оған басшылық ету фактісі бойынша тергеу жүргізуде.
Белгілі болғандай, ұйымдастырушы міндетті тіркеусіз және лицензиясыз қамтамасыз етілмеген цифрлық активтермен операциялардан табыс табу схемасын ұйымдастырған.
Схеманы іске асыру үшін рөлдері нақты бөлінген, иерархиясы бар тұрақты топ құрылған. Қатысушылар дропперлерді іздеумен, олардың атына банк карталары мен криптовалюта биржаларында аккаунттар рәсімдеумен, қаржылық операциялар жүргізумен және кейін қаражатты қолма-қол ақшаға айналдырумен айналысқан. 150-ден астам дроппердің банк карталарына түскен қаражат ATAIX биржасындағы криптоәмияндарына аударылған. Қаражаттың заңды көрінісін жасау үшін дропперлер мен байланысы бар ЖШС арасында жалған қарыз шарттары рәсімделіп, кейін қаражат криптовалютаға айырбасталып, OKX биржасындағы криптоәмияндарға жіберілген, - деп хабарлады ҚР ҚМА ресми өкілі Ернар Тайжан.
Қаражатты айырбастау және шығару үшін бақылаудағы айырбастау пункті пайдаланылып, қаражат шетел валютасына конвертацияланған.
Нәтижесінде цифрлық активтерді өткізу бойынша операциялар сомасы 3,5 млрд теңгеден асқан. Тінту барысында 46 ұялы телефон, 92 банк картасы, сондай-ақ 25 463 USDT көлеміндегі криптоактивтер тәркіленді. Бес күдікті қамауға алынды. Тергеу жалғасуда. ҚР Қылмыстық-процестік кодексінің 201-бабына сәйкес өзге ақпарат жария етуге жатпайды, - деп хабарлады ҚМА.