Павлодар қаласында санитарлық талаптарды бұзғаны үшін мейрамхана иесіне 275 мың теңгеден астам айыппұл салынды. Бұл туралы облыстық соттың баспасөз қызметі мәлім етті, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Әкімшілік құқықбұзушылықтар жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотта қаралған іс бойынша, 8 маусымда жедел жәрдем станциясынан санитарлық-эпидемиологиялық бақылау басқармасына "B" мейрамханасындағы қонақтардың жаппай ішек инфекциясымен (ЖИА) уланғаны туралы ақпарат түскен.
Эпидемиологиялық тексеру барысында мейрамхананың тиісті рұқсат құжаттарсыз жұмыс істегені және қызметке тыйым салынғанына қарамастан, 9 маусымда қызметін жалғастырғаны анықталды. Соның салдарынан қосымша улану жағдайлары тіркеліп, сол күні ғана 18 жаңа науқас тіркелді, - делінген сот хабарлмасында.
Сотта жеке кәсіпкер өз кінәсін толық мойындап, құқықбұзушылықтың алғаш рет және абайсыздықпен жасалғанын айтып, жазаны жеңілдетуді сұрады.
Нәтижесінде сот ҚР ӘҚБтК-нің 462-бабы 3-бөлігіне сәйкес, кәсіпкер Ж.-ны кінәлі деп танып, оған 275 240 теңге көлемінде айыппұл және мейрамхана қызметін бір айға тоқтату жазасын тағайындады.
Қаулы заңды күшіне әлі енген жоқ.
Еске сала кетейік, бұған дейін Павлодардағы қыз ұзату тойынан кейін 33 адамның уланғаны хабарланған болатын.