«3.2.1. Старт». Әлеуметтік жобаның жеңімпаздары анықталды

27 Сәуір 2022, 15:17
1364
Бөлісу:
«3.2.1. Старт».  Әлеуметтік жобаның жеңімпаздары анықталды
Фото: автордан

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Жас кәсіпкерлер арасында әлеуметтік жоба авторларының әлеуетін ашуға және қолдауға бағытталған «3.2.1. Старт» жобасының жеңімпаздары анықталды.

Жоба авторлары БҰҰ-ның тұрақты дамуының 5 жаһандық мақсатының біріне қол жеткізуге өз үлесін қосуы керек: сапалы білім, таза су және санитария, арзан және таза энергия, жауапты тұтыну және өндіріс, климаттың өзгеруіне қарсы күрес.

«Жасыл» экономика және G-Global дамыту коалициясының бас менеджері Асыл Оқапованың айтуынша,  «3.2.1. Старт» жобасына 10 финалист өткен.

Байқауға қазан айынан бастап жылдың басына дейін өтініштер қабылдана бастады. 18-35 жас аралығындағы жастар БҰҰ-ның Тұрақты мақсаттары бойынша өз жобаларын ұсынды. Байқау 2016 жылдан бері тұрақты түрде жүзеге асырылып келеді,- деді Оқапова.

Оның айтуынша, 10 финалист әртүрлі өңірден жиналды.

Олар елордада бизнес жүргізу, жобаны жүзеге асыру бойынша оқытудан өтті. Жоба басталғалы оған мыңға жуық адам қатысты. Осы күнге дейін 15 жеңімпаз іріктелді. Бүгін оның қатары тағы көбеймек, - деді ол.

Оқапова айтып өткендей,жеңімпаздар өз жобаларын жүзеге асыруға грант жеңіп алады.

Гранттың жалпы құны 5 млн теңге. Мысалы, былтыр оны 4 адам бөліп алды. Биыл да осы қаражатты жеңімпаздар жобаларына қарай бөліп алады, - деді ол.

Асыл Оқапова атап өткендей, жастар білім беру мен қалдықты қайта сұрыптау саласында көбірек жоба ұсынған.

Сондай-ақ байқауға ұсынылғандардың ішінде онлайн түрде қаржылай сауаттылықты арттыру, пайдалы тамақ әзірлеу сынды жобалар да болды. Әлеуметтік жобаны CCI компаниясы қаржыландырады, - деді Оқапова.

Өзгелердің жаңалығы