32 мыңнан астам адам онлайн санақтан өтті

2 Қыркүйек 2021, 16:07
1295
Бөлісу:
32 мыңнан астам адам онлайн санақтан өтті

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. 2 қыркүйек сағат 10:00-дегі жағдай бойынша 32 422 респондент онлайн санақтан өтті. Олардың 28 382-сі sanaq.gov.kz сайтында, 3528 Egov порталындағы сайт сілтемесін пайдалана отырып жауап берсе, 512 адам санаққа Аitu қосымшасы арқылы қатысты.

Бұл туралы Ұлттық статистика бюросының баспасөз қызметі хабарлады.

Респонденттерде онлайн сауалнамадан өту рәсіміне қатысты бірқатар сұрақ туындады. Атап айтқанда, кейбір азамат тұрақты мекен жайын толтыру кезінде қиындықтарға тап болды. Респондентке көше атауының алғашқы әріптерін енгізу керек, содан кейін жүйе автоматты түрде ұқсас нұсқаларды шығарады. Егер бірінші әрекет кезінде қажетті мекен жайды табу мүмкін болмаса, қазақ және орыс тілдерінде түрлі вариацияларды теру қажет. 

Мысалы, Нұр-Сұлтан қаласындағы «Жеңіс» көшесі. Егер респондент «Женис» атауын терсе, жүйе қажетті мекен жайды бермейді. Себебі көше атауында қазақ тіліне тән әріптер бар. Айта кету керек, тұрғылықты мекен жай жолын толтырған кезде көше атауы мекен жай регистрінде қалай көрсетілгенін ескеру қажет, - делінген хабарламада.

Сондай-ақ әлеуметтік желілерде sanaq.gov.kz сайты арқылы сауалдарға жауап беру кезінде әлдебір қателіктің шыққаны туралы хабар тарады. Нақтырақ айтқанда, мемлекеттік тіл білімінің деңгейіне қатысты сұрақ. Тараған бейнежазбаның басында респондент 3-парақтың 13-сауалына (Сіз қай тілдерді меңгергенсіз?) жауап беру кезінде қазақ және орыс тілдерін меңгергенін көрсеткен. Келесі сауал (Сіз мемлекеттік тілді меңгергенсіз бе? Егер «Иә» деген жауап болса, онда сіз оны күнделікті өмірде қолданасыз ба?) мемлекеттік тілді күнделікті өмірде қолдану-қолданбауын нақтылау мақсатында қойылған. Егер алғашқысында «қазақ тілін меңгергенін» көрсетіп, келесі сұрақта керісінше жауап қатса, жүйе қателікті аңғарып, бірден белгі береді. Осылайша, адами факторға жол берілмейді. Санақ парақтарында бірнше өзара байланысты сұрақ бар. Сондықтан жүйе жауаптардың бірізді болуын қамтитындай құрылған.

Ұлттық статистика бюросы азаматтардың белсенділігі үшін алғыс айта отырып, санақты онлайн өтуге шақырады. sanaq.gov.kz сайты 15 қазанға дейін тәулік бойы қолжетімді болатынын хабарлайды. Барлық сауал бойынша 1446 байланыс орталығына хабарласуға болады. Қоңырау шалу тегін. Қазақстанда әркім маңызды! - делінген министрлік таратқан ақпаратта.

Өзгелердің жаңалығы