308 елді мекенде көлік қатынасы мүлде жоқ, бірақ ол үшін Қостанай әкімдігі бас ауыртпайды

2 Наурыз 2023, 17:55
1696
Бөлісу:
308 елді мекенде көлік қатынасы мүлде жоқ, бірақ ол үшін Қостанай әкімдігі бас ауыртпайды
Фото: kun.uz

Бұл мәселенің барынша қордалануына Тобыл өңіріндегі жауапты  мемлекеттік мекемелер тарапынан жолаушы тасымалдаумен айналысатын кәсіпорындардың субсидия алуына құлықсыздық танытуы, деп хабарлайды BAQ. KZ сол өңірдегі тілшісі. 

Облыстық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы Олжас Нұрғалиевтің айтуынша, Қостанай облысында 100-ден астам адам тұратын 517 елді мекеннің 185-і ғана тұрақты автобус қатынасымен қамтылыпты. Тағы 119 ауылда көлік мүлдем жүрмейді екен. Өйткені, онда жүзден аз тұрғын мекен етіп отыр.

Жасыратыны жоқ, осыдан бір-екі жыл бұрын жергілікті әкім қаралар жолаушылар тасымалы саласында «субсидия» ұғымын енгізгенде жерден жеті қоян тапқандай қуанған болатын. Өкініштісі, сол қуаныш ұзаққа бармай су сепкендей басылды. Себебі, осы енгізген субсидия арқылы талай жыл қаңтарылып тұрған ауылдар мен аудандардың, қала берді облыс орталығына баратын қара жолдардың тамырына қан жүгіріп, халыққа жеңіл болатын еді. Үміт ақталмады.  Сол субсидиясы құрғырды тек санаулылары ғана алатын болған соң, күдерін үзгендері  өз кәсіптерін жауып, автобустарын сатып та жіберген.

Осы арада осы субсидияны бөліп отырған әкімдік өкілдерінің де өз айтар уәжі бар.

Тасымалдаушыларға өтініш беріңдер дедік. Бірақ олар құжаттарды дұрыс рәсімдемейді. Сол себепті субсидия берілмейді, - деп түсіндірді жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының бөлім басшысы Гүлнәр Бекмұхамедова.

Сонымен бірге, оның өзі де мойындағандай, басқарма тарапынан облыстағы тасымалдаушыларға құжаттарды қалай рәсімдеу керектігін үйрететін бірде-бір оқу семинары немесе тренинг өткізілмепті.

Біз жолаушылар көлігі басқармасына бірнеше рет бардық. Олар біз барған сайын қажетті мәліметтерді емес керек емес деректер ұсынып өзімізді адастырып бақты. Ақырында біз мемлекеттік органның жай ғана субсидия алғанымызды қаламайтынын түсіндік,-  дейді «Рудныйавтотранс» ЖШС директоры Сұлтанбек Ермұханов.

Жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының олармен жұмыс жасауын әлдеқашан тоқтатқанын облыстағы өзге де жолушы тасымалдаушылар да айтып отыр.

Бірақ,  біз белгілі бір мекемелермен  жеке жұмыс жасаймыз, - деп мойындады сөз арасында бөлім басшысы Гүлнәр Сабырқызы.

Жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының жеке жұмысын атқарып келген еркелерінің бірі «Мұқанов» ЖК  екені анықталып отыр. Тіпті басқармадағылар ол үшін  өтініштерді де өздері толтыратын көрінеді. 

Солардың бірінде Жітіқара қаласына жолаушыларды  тасымалдауды бірнеше мекеме жүзеге асырса да,  «Мұқанов» ЖК-ға  әлеуметтік маңызы бар қатынастар тиеселі. 

Ол үшін қолайлы уақытта кесте де бекітіліп қойған.  

Сонда бұл субсидия не үшін беріледі?

Өзгелердің жаңалығы