«Бурабай» ұлттық паркінде бірнеше елдің Қызыл кітабына енген саңырауқұлақ табылды, деп хабарлайды BAQ.KZ.
«Бурабай» мемлекеттік ұлттық табиғи паркінің ғылыми қызметкерлері ғылыми-зерттеу жұмыстары кезінде саңырауқұлақтың сирек кездесетін түрлерін тапты.
Атап айтқанда, құбылмалы пецица (Peziza varia), күзгі желі (Gyromitra infula), ақ саңырауқұлақ (Hygrocybe conica), рамария (Ramaria eumorpha), ойық саңырауқұлақ (craterellus cornucopioides), қозықұйрық (lepiota magnispora), ағашқұлақ (phaeolus Schweinitzii) сынды бірегей түрлерін кезіктірді.
Ғалымдардың тағы бір олжасы - торлы саңырауқұлақ (Clavariadelphus sp.). Бұл сирек кездесетін өсімдіктің үстіңгі жағы жіңішке таяқша тәрізді, түсі әдетте ашық сары немесе сарғылт, кейде тіпті қызыл. Ең басты ерекшелігі – 3-5 жылда бір рет қана өсіп шығады. Қазіргі таңда Clavariadelphus sp. бірнеше елдің Қызыл кітабына енген.
Алдын-ала Clavariadelphus sp. ретінде деп айқындалған саңырауқұлақтың табылғаны ерекше назар аударуға тұрарлық жайт. Ол алдағы уақытта Қазақстанның Қызыл кітабына енгізілуі мүмкін. Бұл жаңалық Ұлттық парктің өсімдік әлемінің алуандығын көрсетеді. Соның ішінде саңырауқұлақтар тобын одан әрі зерттеп, қорғау қажет екендігіне көз жеткізіп отырмыз, - деді Ақпарат және экологиялық мониторинг бөлімінің аға ғылыми қызметкері, ауыл шаруашылығы ғылымдарының кандидаты Евгений Архипов.
Айта кету керек, «Бурабай» МҰТП қызметкерлері ұлттық парктің микологиялық тізілімін жасауды қолға алды. Тізімге саябақ аумағында өсетін саңырауқұлақтардың барлық түрі қосылуға тиіс.
Ғалымның айтуынша, парк аумағында жүргізілген зерттеулер экожүйе туралы жиналған деректерді молайтып қана қоймай, табиғатты қорғаудың тиімді шараларын қолға алуға ықпал етеді.
Саңырауқұлақтар қоректік заттар айналымына және ағаштардың саулығына ерекше әсер етеді. Яғни, оны зерттеу Ұлттық парктің табиғатын сақтау үшін өте маңызды, - деді «Бурабай» МҰТП ботанигі Юлия Боссерт.