Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Алматы облысында 3 мың 304 отбасына табыстың жасырылуына байланысты атаулы әлеуметтік көмек төлеу тоқтатылды, бұл отбасылар бюджетке 296 млн 985 мың теңге қайтаруға тиіс. Бұл туралы ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің баспасөз қызметі хабарлады.
Алматы облысының жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы басшысының орынбасары Бақыт Жақсыбаева өңір тұрғындарының әлеуметтік қызмет өкілдерін алдау фактілері туралы айтып берді. Оның айтуынша, АӘК тағайындау кезінде ең көп орын алған бұзушылық – нақты табыстарды жасыру болып табылады.
"Қазіргі таңда біз 6 151 отбасына 85 млн 525 мың теңге көлемінде төленген АӘК сомаларына қайта есептеу жүргіздік. Сонымен қатар, табысты жасыруға байланысты 3 304 отбасына әлеуметтік көмек төлеу тоқтатылды, олар бюджетке 296 млн 985 мың теңге өтеуі тиіс, оның 24 млн 52 мың теңгесі өтелді. Сондай-ақ, табыстар бойынша айырмашылық фактілеріне қатысты мән-жайлар анықталғанға дейін 1 150 отбасына атаулы әлеуметтік көмек төлеу уақытша тоқтатылды. Атаулы әлеуметтік көмек алатын жеке кәсіпкерлердің 217 отбасына төлемдер тоқтатылды. Олар мемлекетке 40 млн 900 мың теңге шығын келтірген", – деді Бақыт Жақсыбаева.
Оның айтуынша, 117 отбасының ішінен жалпы ауданы 100 шаршы метрден асатын жылжымайтын мүлкі бар 93 отбасына АӘК төлемдері тоқтатылды. Қалған 24 отбасы әлеуметтік көмекке мұқтаж.
"Қарасай ауданында тұратын көпбалалы отбасына 28 сәуірде 1 203 456 теңге сомасында АӘК тағайындалды. Аталған үйге бару кезінде бұл отбасы жалпы ауданы 100 шаршы метрден асатын жаңа үйде тұратыны, отбасының материалдық жағдайы жақсы екені, отағасы жеке кәсіпкер екені белгілі болды. АӘК тағайындау кезінде 1-тоқсанда отбасы табысы 220 мың теңге деп көрсетілген. Әлеуметтік көмек алудың заңдылығын тексеру кезінде бірінші тоқсандағы табыс 12 млн 667 мың теңгені құрағаны анықталды, яғни, жан басына шаққандағы орташа табысы отбасының әрбір мүшесіне 703 мың 722 теңгеден келеді, бұл кедейлік шегінен 33,8 есе артық", – деді өңірлік Жұмыспен қамту басқармасы басшысының орынбасары.
Бақыт Жақсыбаеваның айтуынша, осындай фактілер Алматы облысының басқа аудандарында да болған. Сонымен қатар, әлеуметтік көмекті заңсыз жолмен алу мақсатында өңірдің кейбір тұрғындары нақты тұратын мекен жайын немесе уақытша тіркелген мекен жайын жасыруға тырысқан.
Естеріңізге сала кетейік, АӘК тағайындау мен төлеудің дұрыстығын мониторингтеу нәтижесінде 73 мыңнан астам атаулы әлеуметтік көмек алушы табысы туралы жалған ақпарат бергені анықталды.
Осыған байланысты Министрлік әкімдіктермен бірлесе отырып, әрбір анықталған факті бойынша, бұзушылықтарға жол бермеу және "Мемлекеттік атаулы әлеуметтік көмек туралы" ҚР Заңын бұза отырып тағайындалған төлемдерді қайта қарау бойынша жеке-жеке жұмыс жүргізуде. Бұл бағыттағы жұмыс жалғасып жатыр.