Биыл Жамбыл облысында 4 ай ішінде өндіріс көлемі 292,4 млрд теңгеге жетті, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Бұл туралы Жамбыл облысының әкімі Нұржан Нұржігітов Орталық коммуникациялар қызметінің алаңында өткен баспасөз мәслихатында мәлімдеді.
Мемлекет басшысының алға қойып отырған басым міндеттерінің бірі – өнеркәсіпті дамыту және инвестиция тарту. Биыл 4 ай ішінде өнеркәсіп өндірісінің көлемі 292,4 млрд теңгені құрап, 103,7% қалыптасты. Өңдеу саласының драйверлері қатарындағы – минералды тыңайтқыштар өндірісі 3,1 есе, қант 27,9, ірімшік және сүзбе 32,4, жеңіл өнеркәсіп 22,5%-ға өсіп отыр, - деп атап өтті өңір басшысы.
Айтуынша, саладағы 834 кәсіпорында 43 мың 100 адам жұмыспен қамтылған.
2023 жылы саладағы өнім көлемін 105%-ға көтеру міндеті тұр. Ал облыстың жалпы өңірлік өнімі өткен жылдың қорытындысымен салыстырғанда 2 трлн 749 млрд теңгені құрап, нақты көлем индексі 105,3% деңгейінде қалыптасты. 2023 жылғы қаңтар-сәуір айларының қорытындысымен экономикалық өсім 103,0%-ды құрады. Оның ішінде, өнеркәсіп 103,7, ауыл шаруашылығы 102,1, құрылыс 147,3, тұрғын үй көлемі 105, инвестиция 107,4, сауда 100,7, байланыс 111,7, инфляция 103,8, жұмыссыздық деңгейі 4,9% деңгейінде қалыптасып, бюджеттің игерілуі - 99,5%-ды құрады, - деді облыс әкімі.