Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметінің алаңында өткен баспасөз мәслихатында Алматы қаласының әкімі Ерболат Досаев мәлімдеді.
Оның айтуынша, мегаполистегі ана мен бала өлімін азайту мақсатында бірқатар шаралар қолға алынған.
Ана мен бала өлімін азайту үшін биыл Балаларға шұғыл көмек көрсету орталығының жаңа корпусы салынып бітеді. 4 перзентхана мен 2 балалар стационарын 2,8 млрд теңгеге техникалық жарақтандыру жақсартылады. Өкінішке қарай, өткен жылы ана өлімі бойынша өте жоғары көрсеткіш – 26 жағдай орын алды. Осы жылы біздің қалада бірінші жартыжылдықта 3 ана өлімі орын алды. Оның екеуі – Денсаулық сақтау министрлігіне бағынатын Акушерлік, гинекология және перинатология республикалық ғылыми орталығында және біреуі – Қалалық перинатология және балалар кардиохирургиясы орталығында болды, - деп атап өтті қала басшысы.
Сонымен қатар әкім 7 млрд теңгеге жуық сомаға іске асырылатын бағдарлама туралы айтты.
Қан айналымы жүйесі ауруларынан, онкопатологиялардан болатын өлім жағдайын азайту үшін үш жылдық бағдарлама шеңберінде 6,9 млрд теңге сомасына көп бейінді стационарлар жаңғыртылады. Сондай-ақ аса тапшы мамандықтар бойынша 240 дәрігерді даярлау және 1000 медбикені оқыту жүргізілуде. 2022 жылы медициналық-санитарлық алғашқы көмекті дамыту медициналық қызметтердің қолжетімділігі мен сапасын арттырады. Ана өлімін 3 есеге, яғни 100 мың тірі туғанға шаққанда 53,7-ден 18,9 жағдайға дейін азайтады, - деді Ерболат Досаев.