Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Қазақстан президенттігіне үміткерлердің сайлауалды штабтары жүргізген үгіт-насихат жұмыстарын назарларыңызға ұсынамыз.
ҚКХП атынан президенттікке кандидат Жамбыл Ахметбековтің Алматы қалалық сайлауалды штабының белсенділері мен өкілдері Лениннің ескерткіші орналасқан саябақ аумағында тазалау жұмыстарын жүргізіп, ағаштарды әктеді. Облыстық сайлауалды штаб өкілдері Тараз қаласындағы Қазақстан Коммунистік жастар одағының өкілдерімен және қаланың белсенді жастарымен жүздесті.
«Ақ жол» партиясынан президенттікке үміткер Дания Еспаева Шымкент қаласының тұрғындарымен кездесті. Кандидаттың сайлауалды штабы Еспаеваның 28 мамыр күні Солтүстік Қазақстан облысына жол тартатынын хабарлады.
Президенттікке кандидат Әміржан Қосановтың сайлауалды штабының сенімді өкілдері белсенді жастармен бірге Алматы қаласындағы Абай-Алтынсарин көшелері ауданында үгіт-насихат жұмыстарын жүргізді.
«Ауыл» партиясынан кандидат Төлеутай Рақымбеков елордадағы «Ботаникалық саябақта» сайлаушылармен бірге веломарафонға қатысты. Кандидаттың штабы екі аптада 300-ге жуық іс-шара өткізді.
«Қазақстан кәсіподақтар федерациясынан» ҚР президенттігіне кандидат Амангелді Таспихов сенімді өкілдерімен және астаналық кәсіподақ белсенділерімен бейресми кездесу өткізді. Шымкентте кандидатты қолдау мақсатында спартакиада өтті. Таспиховтың Шардара ауданы бойынша қоғамдық штаб өкілдері мұғалімдер мен спорт саласы қызметкерлерімен кездессе, сенімді өкілі І. Баймұханов Ембімұнайгаз АҚ-ның мұнайшылармен кездесу өткізді. Қарағанды қаласында көппәтерлі үй тұрғыны үгіт-насихат пунктін ашты. Жамбылдағы ең ірі кәсіподақ ұйымы Таспиховқа қолдау көрсетті.
Қасым-Жомарт Тоқаевтың Алматы қалалық қоғамдық штабының мүшелері «Темірбетон-1» кәсіпорнының еңбек ұжымымен кездесті. Nur Otan партиясының Солтүстік Қазақстан облыстық филиалында кандидаттың сенімді өкілдері кәсіпкерлермен кездесу өткізді.
ҚР президенттігіне кандидат Сәдібек Түгел Нұр-Сұлтан қаласындағы қарттар үйіне барып, мүмкіндігі шектеулі жандармен жүздесті. Кандидаттың штабы екі апта ішіндегі үгіт-насихат жұмыстарын қорытындылады.