Қоғам дертіне айналған құмар ойындарды әлем халқының 26 %-ы бір рет ойнап көрген, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының дерегінше, одан жыл сайын 350 миллион адам зардап шегеді. Елімізде құмар ойынға қарсы күрес қалай жүріп жатыр, шолу жасап көрген едік.
Құмар ойын ойнап, құрдымға кетпе
Соңғы деректерге сүйенсек елімізде , соңғы екі жарым шамамен әрбір бесінші адамы ойын ойнайды екен. Ал, оның ішінде 400 мыңдай адам ойынға салынып, букмекерлік кеңселер мен казинолардың тұрақты клиентіне айналған. Еліміздегі ажырасулардың 40%-на осы лудомания тікелей себеп болған. Тұрмыстық зорлық-зомбылыққа баратындардың да бірден-бір осы құмар ойынға шалдыққандар. Құмар ойынның құрығынан шыға алмағандар өз-өзіне қол жұмсап, суицид те белең алған. 2022 жылы елімізде 3 мың 676 адам өзіне қол жұмсап қайтыс болса, олардың әрбір бесіншісінің себебі осы лудомония болып тұр. Елімізде қылмыс жасайтындардың 20 пайызы лудомандар екені белгілі болды. Олар бәске тігетін ақша табу үшін алдымен қарыз алады, содан соң ұрлық, тонау секілді қылмыстарға барады екен.
Оқушылар құмар ойынның құрбаны
Құмар ойынға қызыққан оқушылар, балалар мен жасөспірімдер де бұл дерттің құрбаны болып тұр.
Құқық қорғау органдарының мәліметінше, шамамен 200 мыңға жуық кәмелеттік жасқа толмаған бала басқа адамның атынан букмекерлік кеңселерге бәс тігіп, азарттық ойындар ойнайды. Өзге адамның логинімен букмекерлік кеңселерге бәс тігуші адамдардың саны белгісіз,-дейді депутат Елнұр Бейсенбаев.
Мәжіліс депутаты Жұлдыз Сүлейменова да құмар ойыннан оқшылардың да зардап шегетін айтқан еді.
Мысалы, 2 кейс бар. біреуі 9-сынып оқушысы. Екіншісі 11-сынып оқушысы. Осы дертке душар болды дейік. Менің сұрағым Оқу-ағарту министрлігіне бағытталады. Екеуі де емделіп жүр. 10 айға жуық емделеді. Олар емтиханды қалай тапсырады. Оқу процесі қалай ұйымдастырылып реттеледі? 9-сыныпты немесе 11-сыныпты аяқтағаны туралы құжатты алуға олардың құқығы бар ма, жоқ па? Өйткені, ата-аналар тарапынан осындай сұрақтар келіп түсіп жатыр, - дейді Жұлдыз Сүлейменова.
Оқу-ағарту вице-министрі Еділ Оспанның айтуынша, Денсаулық сақтау министрлігінің ақпаратына сәйкес, жасөспірімдер арасында лудомания дертімен емделіп жатқандар тіркелмеген.
Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының мәліметіне сәйкес, лудомания бұл аурудың түрі және онымен күресудің 2 профилактикалық деңгейі бар. Бірінші деңгей – жасөспірімдердің осы деркте ұшырамауының алдын алу, түсіндірме жұмыстарын жүргізу. Екінші – осындай тәуелділікке барған балалармен психологиялық жұмыстарды жалғастыру. Білім жүйесі бірінші деңгейдегі профилактиканы атқарады, - дейді Еділ Оспан.
Құмар ойынды жарнамалауға кімдерге тыйым салынады?
Мәжілістің жалпы отырысында «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне ойын бизнесі, лотереялар және лотерея қызметі мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заңды бірінші оқылымда мақұлдады. Заң аясында келесі шараларды іске асырылады.
Бірінші. Заңда максималды түрде букмекерлік кеңселер мен казинолардың жарнамасын шектеу қарастырылған. Онда үйлердің қасбеттерінде, фасадтарында, ғимараттарда, құрылыстардың қоршауларында, көлік құралдарында сыртқы жарнамаға тыйым салынады. Интернет ресурстарында, ресми сайттарда, телеарналар мен радиода, мерзімді баспа басылымдарында, кино беттерінде, мобильді операторлардың смс хаттамаларына да жарнама жасай алмайды. Сондай-ақ блогерлер мен әлеуметтік желідегі танымал тұлғаларға мұндай ойын түрлерін жарнамалауға тыйым салынады.
Екінші. Ойында бәс тігу жасы 21 жастан 25 жасқа дейін көтеріледі.
Үшінші. Өтелмеген алименттік және несиелік қарызы бар азаматтардың құмар ойынға бәс тігу мүмкіндігі шектеледі.
Төртінші. Ойнау жасына келмеген азаматтардың құмар ойындарына және бәс тігуге қатысуы шектеледі. Оларға заңсыз ойын ойнауға мүмкіндік берген заңды тұлғаларға қомақты көлемде айыппұл салынады және қайталанатын жағдайда лицензиялары тоқтатыла тұрады.
Бесінші. Заңсыз онлайн казино ұйымдастырушыларға Қылмыстық кодекстің 307-бабы бойынша жаза қолданылады.
Атап айтқанда, мүлкi тәркiленiп, екі мың айлық есептiк көрсеткiшке дейiнгi мөлшерде айыппұл салуға не сол мөлшерде түзеу жұмыстарына не алты жүз сағатқа дейінгі мерзімге қоғамдық жұмыстарға тартуға не екі жылға дейiнгi мерзiмге бас бостандығын шектеуге не сол мерзiмге бас бостандығынан айыруға жазаланады.
Алтыншы. Заңсыз лотоматиктерге мүлдем жойылады. Сондай-ақ, балалар, білім беру, медициналық, діни және діни ұйымдар орналасқан тұрғын үйлер мен ғимараттарда лотерея билеттерін таратуға және лотерея терминалдарын орнатуға тыйым салынады.
Жетінші. Шетелдік ойын бизнесін ұйымдастырушылардың тізімін жүргізу, сондай-ақ банктер мен төлем жүйелеріне олардың пайдасына қаржылық операциялар жүргізуге тыйым салу көзделеді.