Атырау, BAQ.KZ тілшісі. Атырау қаласын алдағы бесжылдықта көркейту-абаттандыру жұмысына 5 млрд теңге бөлінген. Жыл сайын Атырау көшелеріне 350 мыңға жуық түп біржылдық гүл отырғызылады.
Бұл жұмыстарды сәуір айында «Каспийдормостострой» компаниясы бастап кеткен. Мемлекеттік-жекеменшік әріптестік негізінде қолға алынып отырған бұл жобаның басты мақсаты – қаланы көгалдандыру мен абаттандыруды жүйелі-жоспарлы түрде жүзеге асыруға қол жеткізу.
«Біз 2023 жылға дейін Атырау көшелеріне 25 мыңнан астам ағаш отырғызуды жоспарлап отырмыз. Оның ішінде 2000-ы жеміс ағашы болады. Яғни, біз тек жеміс ағаштары өсірілетін 5 бау-бақ өсіру жұмыстарын қолға алмақпыз», - дейді мердігер мекеме өкілі Леонид Задерный.
Қала әкімдігі мен мердігер мекеме 5 жылға келісімшарт жасаған. 3 жарым мың бұта ағаш отырғызылып, 15 сорғы бекеттері іске қосылады. Сонымен қатар, олар 40-қа жуық көшені тазалайды, 10-нан астам саябақ пен алаңқайды көгалдандыру, гүл отырғызу және залалсыздандыру жұмыстарын да қатар жүргізеді.
«Атырау көрсе көз тоймайтын сұлу мекенге айналады деп сенеміз. Жаз бойы жоспарлы түрде ағаштар мен гүлдерді суару, түптерін қопсыту, оларға тыңайтқыш құю, зиянкестерден қорғау мақсатындағы жұмыстар жүргізілмек. Біз өз тарапымыздан қаланың әдемі болып, жайнап тұруы үшін барымызды саламыз», - дейді Наталья Дорожина.
Естеріңізге сала кетейік, қаламызды алдағы бесжылдықта көркейту-абаттандыру жұмыстарына 5 млрд теңгеге жуық қаржы қарастырылған.