25 мыңнан астам адамның мүгедіктік туралы өтінімі сырттай қаралды

8 Маусым 2023, 20:23
1088
Бөлісу:
25 мыңнан астам адамның мүгедіктік туралы өтінімі сырттай қаралды
Фото: Бауыржан ЖУАСБАЕВ - архив

Мүгедектікті белгілеу бойынша 25 мыңнан астам өтінім сырттай форматта қаралды, деп хабарлайды BAQ.KZ.

2023 жылдың 5 айының қорытындысы бойынша мүгедектік тобын белгілеу үшін медициналық-әлеуметтік сараптама жүргізудің сырттай форматы бойынша пилоттық жобаны іске асыру шеңберінде Қазақстанның барлық өңірлерінен 25,1 мың өтінім қаралды. Бұл куәландырудан өткен мүгедектігі бар адамдардың жалпы санының 24,1%-ын құрайды. Қазіргі уақытта жобаға 700-ден астам медициналық ұйым қосылған, - делінген Еңбекмині таратқан ақпаратта.

2022 жылы сырттай куәландыру бойынша 57,1 мың өтінім қаралды, бұл куәландырудан өткен мүгедектігі бар адамдардың жалпы санының 22,7%-ын құрайды.

Бұған дейін хабарланғандай, Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің VI отырысында Мемлекет басшысы ерекше қажеттіліктері бар адамдар үшін барынша қолайлы жағдай жасауды, олардың инстанциялар мен қағазбастылық бойынша жүруін, сондай-ақ көрсетілетін қызметті берушілердің көрсетілетін қызметті алушылармен байланысын болдырмауды тапсырды.

Осы тапсырманы орындау мақсатында ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі денсаулық сақтау мен цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрліктерімен бірлесіп Қазақстанның барлық 20 өңірінде пилоттық режимде медициналық-әлеуметтік сараптама (бұдан әрі – МӘС) жүргізудің сырттай форматы бойынша жобаны іске асыруда.

Мүгедектік тобын белгілеу жөніндегі қызметті алу үшін өтініш берушіге тұрғылықты жері бойынша емханаға жүгіну және қажетті тексеруден өту қажет, қалған процестер ақпараттық жүйелерді интеграциялау есебінен оның қатысуынсыз өтеді.

Сырттай куәландыруға көшу:

- әкімшілік және бюрократиялық кедергілерді жояды;

- МӘС сараптамалық шешімдерінің ашықтығын қамтамасыз етеді;

- мүгедектікті белгілеу және мүгедектігі бар адамдарды әлеуметтік қорғау шараларын анықтау бойынша қызметтерді үйден шықпай-ақ алуға мүмкіндік береді;

- көрсетілетін қызметті алушының көрсетілетін қызметті берушімен тікелей байланысын болдырмайды, сол арқылы сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін азайтады.

Өзгелердің жаңалығы