Мамандар қазіргі Салық кодексінде жеңілдік белгілері бар 729 тармақ бар деп мәлімдейді. Әлемнің көптеген елдерінде преференциялар мемлекеттер тарапынан экономиканың өсуін ынталандыру және белгілі бір бизнес топтарын қолдау мақсатында енгізіледі, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Теория бойынша бұл кәсіпорындардың және жұмыс орындарының өсуіне, өндіріс шығындарының төмендеуіне және салық салынатын базаның ұлғаюына әкелуі тиіс. Қазақстанда бұл қалай жүзеге асатынын келесі материалымыздан оқи аласыздар.
Қолданыстағы Салық кодексі әзірленіп жатқанда өзгерістердің бастамашылары салық жеңілдіктері бизнесті дамытудың стимулына айналады, ол уақыт өте келе өсіп, ауқымды бола бастайды деген еді. Бүгінгі таңда Қазақстандағы бизнестің 98,9%-ы микро және шағын кәсіпорындардан тұрады, ал орта бизнес тек 1%-ды, ал ірі бизнес небәрі 0,1%-ды құрайды. Бұл құрылым соңғы бес жылда іс жүзінде өзгермеген. Бизнестің үлкен категорияларға өтіп, өсу орнына, олар салықтарды азайту үшін жеңілдіктер аймағында қалуды жөн көреді. Сарапшылардың айтуынша, шағын және орта бизнеске түсетін салықтық түсімдер саны жағынан тең, бірақ шағын кәсіпорындардың саны бірнеше есе көп. Олар бұл жағдайды жүйенің өзгерістерді қажет ететінін және кәсіпкерлердің адал бизнес жүргізу үшін жаңа ынталандыруларға мұқтаж екенін көрсететін белгі деп санайды.
Кіші бизнеске көрсетілген қолдаудың нәтижесінде ол орташа және ірі бизнеске айналуы керек еді. Алайда шын мәнінде жағдай басқаша болып отыр: 81% салық төлеушілер әлі күнге дейін жеңілдетілген салық жүйесінде жұмыс істеп келеді, жалпыға бірдей салық режиміне өтуден бас тартып отыр.
Салықтық жеңілдіктерді сақтау үшін біздің елдің кәсіпкерлері айла-шарғыға барып, бизнесті бөледі және минималды салық салуды сақтай отырып, заңды міндеттемелерден жалтарады. Бұдан бөлек, мұндай кәсіпорындардың 85%-ы табыстарын 15 миллион теңгеге дейін деклорациялайды, бұл салықтық ауыртпалықты азайту үшін жүйелі түрде бизнестің бөлінетінін көрсетеді.
Бизнестің бөлшектенуі дегеніміз не
Бөлшек салық — бұл тек қулық емес, салықтық міндеттемелерден жалтару. Құқықтық мемлекетте мұндай жүйелер тәртіп негіздерін бұзып, көлеңкелі аймақтар құрып, бір кәсіпкерлерге басқалардың есебінен әділетсіз артықшылықтар береді. Мемлекет бақылауды күшейтуі керек, сонда әділ бәсекелестік пен барлығы үшін тең ережелер қамтамасыз етіледі.
Сарапшылардың айтуынша, кәсіпкер салықтан жалтарған кезде, ел бюджетінен миллиардтаған теңге жоғалады, олар өңірлерді дамытуға, жолдар, мектептер, ауруханалар салуға, әлеуметтік осал топтарды қолдауға жұмсалуы мүмкін еді. Салықтан жалтаратындар шын мәнінде елдің дамуына қажетті қаржыны ұрлайды.
Мысал
Құрылыс салушыларды ҚҚС-тан босату бастапқыда тұрғын үйдің қолжетімділігін арттыруы керек еді, алайда шын мәнінде баға 21 есе өскен. Сонымен қатар, құрылыс саласы әлі де ең көлеңкелі салалардың бірі болып қала береді. Салық жеңілдіктерін алып тастау саладағы көлеңкелі экономикадан шығуға мүмкіндік береді және бюджеттің кем дегенде 130 миллиард теңгеге толуына септігін тигізеді – бұл 40 жаңа мектептің құрылысына пара-пар. Мемлекет тұрғын үй нарығында ашықтықты қамтамасыз етуге мүдделі.
Кім шынымен салық төлейді?
Қазақстанда 2,3 миллион салық төлеуші тіркелген, бірақ олардың тек 8%-ы (137 мың компания) ҚҚС төлеушілері болып табылады. Бұл, басым көпшілік кәсіпкерлердің арнайы салық режимдерінде қалатынын және жоғары деңгейдегі салық салуға өтуден қашатынын білдіреді. Нәтижесінде мемлекет бюджетке елеулі табыстар жоғалтады, ал бизнес орта жасанды түрде бөлшектенген күйде қалады.
Үкіметтің ұсыныстары
Қазіргі уақытта жаңа Салық кодексі әзірленіп жатыр. Жоба авторлары 453 жеңілдік тармағынан 128 салықтық преференцияны алып тастауды және 1,3 трлн теңгеден астам соманы үнемдеуді ұсынды.
Ұлттық экономика министрлігінің мәліметінше, негізгі түзетулер мыналарды қамтиды:
- Міндетті тіркеуге қою шегін төмендету – 20 мың АЕК (78,6 млн теңге) орнына 3 800 АЕК (15 млн теңге);
- ҚҚС ставкаларын арттыру – 12%-дан 16%-ға дейін, сонымен қатар кейбір салалар үшін 10%-дық төмендетілген ставка белгіленеді;
- Жеңілдетілген декларация бойынша арнайы салықтық режимді қолдануды шектеу – ол тек B2C сегментіне (қорытынды тұтынушыларға арналған бизнес) қолжетімді болады.