Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз конференциясында айтылды деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Көші-қон қызметі органдары шетелдіктердің Қазақстанға келуі жөнінде ақпаратты шекара қызметінің ақпарат жүйесі деректерінен алады.
21 қыркүйектен республика шекарасынан шамамен 98 мың ресейлік елге өтсе, 64 234 ресейлік елден кеткен. Сондай-ақ 21 қыркүйектен 8 мыңнан аса азаматтығы жоқтар ЖСН алды, - деп ақпарат берді ҚР ІІМ Көші-қон комитеті төрағасының міндетін атқарушы Аслан Аталықов.
Ол сондай-ақ 1 сәуірден бастап Ресей Федерациясы азаматтарының қаншасы ЖСН алғаны туралы да ақпарат берді.
2022 жылдың 1 сәуірінен Ресей Федерациясы азаматтарының 93 045-і ЖСН алды. Ал Қазақстанда тұруға ықтиярхат алған 4 271 Ресей азаматы бар. Олардың 116-сы этникалық қазақтар. Ықтиярхат алуда арнайы тәртіп барын білесіздер. Ықтиярхат алуға үміткерлердің әрқайсысы өзінің төлем қабілетін растады. Ол 1320 МРП, яғни 4 миллион теңгеден аса қаражат, - деді Аслан Аталықов.
Ал азаматтыққа өтініш берген 441 ресейлік бар. Олардың 117-сі этникалық қазақтар.
Айта кету керек, баспасөз конференциясында Ішкі істер министрі Марат Ахметжанов Ресейден келушілерге қатысты бәрі министрлік бақылауында екенін және барлық жұмыс көші-қон заңнамасына сәйкес істеліп жатқанын айтты.