2027-2029 жылдары аса маңызды нысандар мен жалпыұлттық маңызы бар жобаларды қаржыландыруға Ұлттық қордан 5 трлн теңге бөлінеді. Бұл туралы Үкімет отырысында Премьер-министрдің орынбасары – Ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин мәлімдеді.
Үкімет отырысында еліміздің 2027–2029 жылдарға арналған әлеуметтік-экономикалық даму болжамы және «2027–2029 жылдарға арналған республикалық бюджет туралы» заң жобасы қаралды.
Серік Жұманғарин мемлекеттік қаржының тұрақтылығын қамтамасыз ету мақсатында бюджет тапшылығын кезең-кезеңімен төмендету жоспарланғанын айтты.
«Аса маңызды нысандар мен жалпы ел үшін маңызы бар жобаларды қаржыландыруға Ұлттық қордан 2027 жылы 2 трлн теңге, ал 2028–2029 жылдары жыл сайын 1,5 трлн теңгеден нысаналы трансферт қарастырылған. Мемлекеттік қаржының тұрақтылығын қамтамасыз ету мақсатында бюджет тапшылығы 2027 жылы жалпы ішкі өнімнің 2,3%-ы деңгейінде белгіленіп, 2029 жылы 0,4%-ға дейін төмендетіледі. Мұнайдан тыс тапшылық жалпы ішкі өнімнің 5,3%-ынан 2,5%-ына дейін қысқарады», – дейді министр.
Оның айтуынша, осы көрсеткіштерді ескере отырып, республикалық бюджет шығыстары 2027 жылы 30,2 трлн теңгені құрайды. Ал 2028 жылы 29,4 трлн теңге, 2029 жылы 29,6 трлн теңге жұмсау жоспарланып отыр.
Еске салайық, бұған дейін Бектенов бюджет қаржысын сапалы жоспарлауды тапсырды.