- Мұқаба
- Жаңалықтар
- 2027 жылы теңге әлсірей ме? ЕАДБ Қазақстан экономикасына болжам жасады
2027 жылы теңге әлсірей ме? ЕАДБ Қазақстан экономикасына болжам жасады
-
Гүлжан РАМАНҚҰЛОВА
Гүлжан Раманқұлова - BAQ.KZ ақпарат агенттігінің аға тілшісі.
16 Қазан 2026, 12:43
Қазақстан экономикасы 2027 жылы 5,5%-ға өседі деп күтіледі. Экономикалық өсімге өңдеу өнеркәсібіндегі өндірістің кеңеюі мен инфрақұрылымдық жобалардың жүзеге асырылуы ықпал етеді. Сонымен қатар мұнай бағасының төмендеуі мен импортқа сұраныс теңгеге қысым түсіруі мүмкін.
Бұл туралы Еуразиялық даму банкінің (ЕАДБ) өкілдері BAQ.KZ тілшісінің сұрағына берген жауабында мәлімдеді.
Экономикалық өсімді қандай факторлар қолдайды?
ЕАДБ болжамынша, 2027 жылы өңдеу өнеркәсібіндегі жаңа өндірістік қуаттардың іске қосылуы экономикалық өсімге үлес қосады.
2026 жылдың алғашқы сегіз айында өңдеу өнеркәсібіндегі өндіріс көлемі өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 8,4%-ға өсті. Ал саладағы негізгі капиталға салынған инвестицияның нақты көлемі 39,9%-ға артты.
Үкіметтің мәліметінше, 2026 жылғы қыркүйекке дейін жалпы құны 337,4 млрд теңге болатын 84 өнеркәсіптік жоба іске қосылған. Жаңа кәсіпорындар жоспарланған өндіріс көлеміне шыққан сайын олардың салаға қосатын үлесі арта түседі.
Инфрақұрылымдық жобалар да экономикалық өсімді қолдайды. 2029 жылға дейінгі Ұлттық инфрақұрылымдық жоспарда энергетика мен теміржол көлігін қоса алғанда, 204 жоба қамтылған.
2027 жылға арналған республикалық бюджет жобасында нақты секторды қаржыландыруға 3,8 трлн теңге қарастырылған. Бұл 2026 жылғы деңгейден шамамен 15%-ға жоғары. Құрылыс жұмыстарының артуы материалдар мен мердігерлердің қызметтеріне сұранысты көбейтіп, жаңа нысандар пайдалануға берілгеннен кейін өндірістік және көлік мүмкіндіктерін кеңейтуге ықпал етеді.
Кредит мөлшерлемелері төмендеуі мүмкін
ЕАДБ бағалауынша, кредит құнының төмендеуі бизнестің инвестициялық белсенділігін қолдайды.
2026 жылы бизнеске теңгемен берілген жаңа кредиттер бойынша орташа алынған мөлшерлеме қаңтардағы 22,7%-дан тамызда 21,3%-ға дейін төмендеді.
Банк инфляцияның одан әрі баяулауына қарай базалық мөлшерлеме мен кредит мөлшерлемелері біртіндеп төмендейді деп күтеді. Бұл 2027 жылы бизнестің инвестиция көлемін ұлғайтуына жағдай жасауы мүмкін.
Сонымен қатар инфляцияның баяулауы халықтың нақты табысына түсетін қысымды азайтып, тұтынушылық сұранысты қолдауы ықтимал.
2026 жылғы қыркүйекте Қазақстандағы жылдық инфляция 9,3%-ды құрады. 2025 жылғы қыркүйекте бұл көрсеткіш 12,9% болған. Инфляция осылайша қатарынан он екінші айда баяулаған.
Теңіздегі жөндеу мұнай өндіруге әсер етуі мүмкін
ЕАДБ 2027 жылы Теңіз кен орнындағы жабдықтарға жоспарлы жөндеу жүргізілуі мұнай өндіру көлемін уақытша қысқартуы мүмкін екенін атап өтті. Бұл мұнай секторының жалпы ішкі өнім өсіміне қосатын үлесін шектеуі ықтимал.
Мұндай жағдайда экономикалық өсімді қолдауда өңдеу өнеркәсібі, құрылыс және қызмет көрсету салаларының рөлі арта түсуі мүмкін.
2027 жылы теңге әлсірей ме?
ЕАДБ 2027 жылы теңгенің біртіндеп әрі қалыпты әлсіреуін болжайды. Банк болжамына сәйкес, Brent маркалы мұнайдың орташа бағасы 2026 жылы барреліне 91 доллар, ал 2027 жылы 80 доллар болады.
Мұнай бағасының төмендеуі экспорттан түсетін кіріс пен нарыққа келетін шетел валютасының көлемін шектеуі мүмкін. Бұл теңгеге қысым түсіретін факторлардың бірі.
Бұған қоса, экономикалық белсенділіктің жоғары болуы шетелдік жабдықтар мен тұтыну тауарларын сатып алуға сұранысты қолдайды. Импорттаушылар мұндай төлемдер үшін шетел валютасын сатып алатындықтан, бұл да ұлттық валютаның бағамына әсер етуі ықтимал.
Шетелдік инвесторлардың қызығушылығы теңгені қолдауы мүмкін
ЕАДБ теңгеге қолдау көрсететін факторлардың бірі ретінде шетелдік инвесторлардың Қазақстанның мемлекеттік облигацияларына салатын инвестициясын атады.
2026 жылғы қыркүйектің қорытындысы бойынша, резидент емес инвесторлардың Қазақстанның мемлекеттік облигацияларына салған қаражаты жыл басынан бері 37,8%-ға өскен.
2026 жылғы 7 қазанда J.P. Morgan Қазақстанның мемлекеттік облигацияларын дамушы нарықтардың облигациялық индексіне ықтимал қосу үшін бақылау тізіміне енгізді. Бұл шешім шетелдік инвесторлардың теңгемен номинацияланған активтерге қызығушылығын арттырып, ұлттық валютаның әлсіреуін тежеуі мүмкін.
Осылайша, ЕАДБ болжамы бойынша, 2027 жылы Қазақстан экономикасының өсіміне өңдеу өнеркәсібі мен инфрақұрылымдық жобалар қолдау көрсетеді. Ал теңге бағамына мұнай бағасы мен импортқа сұраныс қысым түсіруі мүмкін, шетелдік инвестициялар болса, ұлттық валютаны қолдайтын факторлардың бірі болмақ.
Ал Үкіметтің 2027-2029 жылдарға арналған әлеуметтік-экономикалық даму болжамына сәйкес, Қазақстан экономикасының нақты орташа жылдық өсімі 5 пайыздан жоғары болады деп күтіледі. Базалық сценарийде мұнай бағасы барреліне 70 доллар деңгейінде алынған.
Премьер-министрдің орынбасары – Ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин Құрылтайдың жалпы отырысында баяндағандай, 2027 жылы номиналды жалпы ішкі өнім 199,3 трлн теңгеге жетіп, 2029 жылы 245 трлн теңгеге дейін ұлғаяды деп болжанып отыр.
Экономикалық өсімге мұнайдан тыс секторлар, соның ішінде өңдеу өнеркәсібі, ауыл шаруашылығы, құрылыс және қызмет көрсету салалары үлес қосады. Атап айтқанда, ауыл шаруашылығының орташа жылдық өсімі кемінде 5%, сауда өсімі 5,7%, көлік және қоймалау саласы 10,4%, ақпарат және байланыс саласы 9,2% деңгейінде болжанған.
Үкімет инфляцияның біртіндеп төмендеуін де күтеді. Болжам бойынша, 2027 жылы инфляция 7,5-9,5%, ал 2028-2029 жылдары 6-8% аралығында болады.
Еске сала кетсек, Ұлттық банкі төрағасының міндетін атқарушы Ерұлан Жамаубаев Құрылтай отырысында қаңтар-қыркүйек аралығынде елде ЖІӨ 4,2%-ға өскенін айтты.
Ең оқылған:
- Қазанда азаматтарға 112 мың теңгеге дейін ақшалай көмек беріледі
- Жаңбыр, қар және көктайғақ: 17 өңірде дауылды ескерту жарияланды
- «Олар бізге керек емес, бірақ біз оларға керекпіз»: Трамп Канаданы АҚШ-тың 51-ші штаты ету идеясын қайта көтерді
- «700 мың теңге бермесең, видеоңды таратамын»: Ақтөбеде бопсалаушылар ұсталды
- Қарыз алушы қайтыс болса, ипотеканы кім төлейді? – Қаржы нарығын реттеу агенттігі түсіндірді