2026 жылы Қазақстандағы микрокредиттеу нарығын реттеу қатаңдап, микроқаржы ұйымдарының жұмыс ережелері өзгерді. Бұл нарық 2025 жылдың тоғыз айында 55 млрд теңге таза пайда тапқаныменымен, реттеуші тәуекелдерді басқаруға қойылатын талаптар кезең-кезеңімен күшейіп, халықтың шамадан тыс қарыздану өсімін шектеу жалғасып жатыр.
BAQ.KZ тілшісі микрокредиттеу нарығы 2026 жылы қандай болатынын және ең үлкен өзгерістер кімдерге әсер ететінін анықтау үшін Қазақстан Республикасының Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігіне ресми сауал жолдады.
Микрокредиттеу көлемі өсіп жатқанда неге мерзімі өткен берешек көбейіп жатыр?
Реттеуші деректеріне сүйенсек, мерзімі өткен берешектің артуы тек қарыз алушылардың мінез-құлқымен ғана емес, микроқаржы ұйымдарының жұмыс сапасымен де байланысты.
Берешектің қалыптасуына өз міндеттемелерін орындамаған қарыз алушы да, клиенттің төлем қабілеттілігін тиісті деңгейде талдамай микрокредит берген қаржы ұйымы да себеп болуы мүмкін, – деп хабарлады агенттікте.
Азаматтардың шамадан тыс қарыздану тәуекелін төмендету және қаржы секторының тұрақтылығы реттеушінің негізгі басымдықтары ретінде аталды. Осы себепті микроқаржы ұйымы үшін 2022 жылдан бастап проблемалық қарыздар (NPL90+) бойынша лимит 20% деңгейінде белгіленген.
Алайда 2026 жылғы 1 қаңтардан бастап бұл лимит екі есеге қысқарып, 10%-ға дейін төмендетіледі және оны сақтау меншікті капиталдың жеткіліктілігі нормативін орындаудың міндетті шартына айналады.
Іс жүзінде бұл микроқаржы ұйымдарының лицензиясынан айырылу қаупінсіз жоғары тәуекелді клиенттерді жаппай кредиттеуге енді жол берілмейтінін білдіреді.
Кімдерге микрокредит алу қиындайды?
Реттеуші микроқаржы ұйымдарының (МҚҰ) микрокредит беруге немесе қолданыстағы қарыз шарттарын өзгертуге құқығы жоқ қарыз алушылар санаттарын нақты айқындады. Бұл шектеулер №215 қаулымен бекітілген.
МҚҰ мына жағдайларда оң шешім қабылдай алмайды, егер:
- қарыз алушының табысы ең төменгі күнкөріс деңгейінен және отбасының әрбір кәмелетке толмаған мүшесіне шаққандағы оның жартысынан төмен болса;
- борыштық жүктеме коэффициенті 0,5-тен асса;
- банктік қарыздар бойынша 30 күннен астам немесе микрокредиттер бойынша 1 күннен артық мерзімі өткен берешек болса;
- соңғы бір жылда екі немесе одан да көп рет қайта құрылымдау жүргізілсе;
- қарыз сомасын кемінде 5%-ға азайтпай «жасанды қайта құрылымдау» немесе қайта қаржыландыру қолданылса.
Осылайша, ең алдымен микрокредиттерге қолжетімділіктен жоғары борыштық жүктемесі бар және табысы тұрақсыз азаматтар, сондай-ақ бұрын қарызын кешіктірген немесе қарыздарын бірнеше рет қайта құрылымдаған қарыз алушылар айырылуы мүмкін.
Неліктен микрокредиттер қымбаттауы мүмкін?
Формалды түрде микрокредиттер бойынша пайыздық мөлшерлемелер заңмен шектелген. Алайда реттеушінің түсіндіруінше, МҚҰ қарыз алушының келісімімен қосымша ақылы қызметтер ұсынуға құқылы.
МҚҰ қарыз алушыдан сыйақы мен айыппұлдан басқа қандай да бір төлемдерді белгілеуге және өндіріп алуға құқылы емес. Сонымен қатар қарыз алушының келісімі болған жағдайда қосымша ақылы қызметтер ұсынуға құқылы, – деп хабарлады Агенттікте.
Бұл қарыз алушыларға қойылатын талаптардың қатаюы және реттеушілік шығындардың өсуі жағдайында МҚҰ маржиналдылықты сақтау жолдарын, соның ішінде қосалқы сервистер арқылы іздейтінін білдіреді. Соның салдарынан пайыздық мөлшерлемелерге формалды шектеулер сақталғанымен, микрокредиттердің нақты құны өсуі мүмкін.
Қандай МҚҰ-ға нарықтан кету қаупі төнеді?
Реттеуші атап өткендей, МҚҰ-ларға қойылатын талаптар барлығына бірдей және бизнес-модельдердің ерекшеліктерін ескермейді. Бұл – мемлекеттің саналы таңдауы.
Бірыңғай реттеушілік талаптар нарықтың барлық қатысушыларын жүйелеу және олардың қаржылық тұрақтылығын қамтамасыз ету мақсатында енгізілді, – деп түсіндірді Агенттікте.
Іс жүзінде бұл нарықтан кету қаупі, ең алдымен, мынадай шағын әрі капиталы жеткіліксіз МҚҰ-ларға төнетінін білдіреді:
- NPL90+ лимитіне сыймайтын;
- меншікті капиталдың жеткіліктілігі нормативтерін орындамайтын;
- заңнаманы жүйелі түрде бұзатын ұйымдар.
Мұндай жағдайларда МҚҰ лицензиясы уақытша тоқтатылуы немесе толықтай кері қайтарылуы мүмкін.
Неліктен кейбір МҚҰ-лар банктерге айналып жатыр?
2022 жылдан бастап Қазақстанда қолданыстағы микрокредиттерге қызмет көрсетуді тоқтатпай-ақ, микроқаржы ұйымдарын екінші деңгейлі банктерге айналдыруға мүмкіндік беретін заңнамалық жағдайлар жасалды.
Бүгінгі таңда екі МҚҰ банктік лицензия алып үлгерді.
Реттеушінің пікірінше, бұл үдеріс:
- клиенттер үшін қызметтер аясын кеңейтеді;
- банк нарығындағы бәсекелестікті күшейтеді;
- қаржы секторының дамуына оң әсер етеді.
Іс жүзінде бұл орнықты бизнесі бар ірі МҚҰ-лардың банк форматына ұмтылатынын, ал шағын ойыншылардың жаңа талаптарға төтеп бере алмауы мүмкін екенін көрсетеді.
Нарықтың қандай моделі мақсатты деп саналады?
Реттеуші «арзан» немесе «қымбат» микрокредиттеу арасында таңдау жасамайды, алайда басты басымдықты айқын белгілеп отыр – тұрақтылық пен басқарылатын тәуекелдер.
2026 жылдан бастап МҚҰ үшін тәуекелдерді басқару жүйесіне қойылатын міндетті талаптар енгізіледі. Бұл тек формалды рәсімдерге ғана емес, тәуекел мәдениетін қалыптастыруға, менеджменттің жауапкершілігіне және кредиттік шешімдердің сапасына да қатысты.
Бұл микрокредиттеу нарығының:
- жаппай сипаттан арылуына;
- іріктелген тәсілге көшуіне;
- төлем қабілетті клиенттерге бағдарлануына әкелетінін білдіреді.
МҚҰ-лар қанша табыс тауып отыр?
Реттеудің қатаюына қарамастан, сектор жоғары табыстылығын сақтап отыр:
- 2024 жылы – 99,1 млрд теңге таза пайда;
- 2025 жылдың 9 айында – 55 млрд теңге.
Бұл көрсеткіштер нарықтың бейімделуге қаржылық қоры бар екенін аңғартады, алайда оны барлығы бірдей пайдалана алмайды.
2026 жылы Қазақстандағы микрокредиттеу бұрынғыдан қолжетімсіздеу, бірақ әлдеқайда бақылауда болатын салаға айналады. Борыштық жүктемесі жоғары және табысы тұрақсыз қарыз алушыларға микрокредит алу қиындайды, ал МҚҰ-лардың бір бөлігі нарықтан кетуі немесе банктерге трансформациялануы мүмкін.
Реттеуші максималды қолжетімділікке емес, сектордың тұрақтылығына басымдық беріп отыр. Бұл клиенттер үшін талаптардың қатаюы мен нарықтағы ойыншылар санының қысқаруына алып келсе де, ұзақ мерзімді тұрақтылықты қамтамасыз етуге бағытталған.