"Теміржол жолаушылары үшін жаңа жылда билет бағасы қымбаттамай ма?" деген сұрақтың болуы заңды. Осы тұрғыда BAQ.KZ тілшісі ҚР Көлік министрлігіне арнайы сұрау жолдады.
Министрлік мәліметінше, жақын арада теміржол билетінің бағасын өсіру жоспарланбаған.
Дегенмен, ұзақ мерзімді субсидиялау шарттарында тарифтерді инфляция деңгейіне сәйкес жыл сайын 7% индекстеу қарастырылған, - дейді өкілдік.
Вагондар жаңара ма?
2025 жылы елімізде 166 жолаушылар вагоны сатып алынған. Оның ішінде 161 вагонды «Жолаушылар тасымалы» АҚ «ЗИКСТО» ЖШС өндірісінен алған. Тағы 5 вагонды жеке тасымалдаушылар сатып алған. Ал еліміздің мына өңірлеріне қатынайтын бағыттарға биыл жаңа вагондар қосылмақ.
Жаңа вагондар қатынайтын негізгі бағыттар қатарында:
- Павлодар – Түркістан;
- Павлодар – Алматы;
- Алматы – Жезқазған;
- Алматы – Сарыағаш;
- Атырау – Маңғыстау;
- Ақтөбе – Атырау және өзге де әлеуметтік маңызы бар бағыттар бар.
Министрлік бұл вагондардың заманауи талаптарға сай екенін атап өтті.
Вагондарда кондиционер, жайлы орындар және жолаушыларға қолайлы жағдай қарастырылған,-дейді Ведомство.
2030 жылға дейін не өзгереді?
Сондай-ақ, ағымдағы жылы 200-ден астам вагон жеткізу жоспарланып отырғанын хабарлады.
2026 жылы «ЗИКСТО» өндірісінен – 58 вагон, Stadler технологиясы бойынша – 142 вагон алдыртпақпыз, - деп хабарлайды Ведомство.
Қазіргі уақытта Stadler вагондары қабылдау-тапсыру сынақтарынан өтіп жатыр және оларды тұрақты қатынасқа шығару ағымдағы айда жоспарланған.
Сонымен қатар, министрлік 2030 жылға дейін жолаушылар вагон паркінің 90%-дан астамын жаңарту және жолаушылар вагондарын ауа баптау жүйелерімен 100% жарақтандыруды қамтамасыз ету жоспарланып отырғанын жеткізді. Бұл жолаушылардың жайлылығын және теміржол тасымалы жұмысының тұрақтылығын арттырады.