Қалада пәтер алу бұрынғыдай тек «үйлі болу» мақсатына тірелмейді. 2026 жылға қарай баспана өмір салтының, уақытты басқарудың және қаржылық қауіпсіздіктің бір бөлігіне айналды. Сондықтан бүгінгі жастар мен жас отбасылар пәтер таңдағанда эмоциядан гөрі есепке жүгінеді. Жылжымайтын мүлік нарығының маманы Айым Хасенова 2026 жылғы негізгі трендтер мен қауіпсіз таңдау қағидаларын ортаға салды, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Локация – активтің тағдырын шешетін фактор
2026 жылғы нарықта пәтердің басты артықшылығы – оның қай жерде орналасқаны. Үлкен қалаларда, әсіресе елордада орталыққа, іскерлік кластерлерге немесе қарқынды дамып жатқан аудандарға жақын үйлер әрдайым өтімді саналады. Мұндай пәтерлер баға жағынан тұрақты, ал қажет жағдайда жалға беру немесе қайта сату әлдеқайда жеңіл, - дейді ол.
Маманның айтуынша, соңғы жылдары "15 минуттық қала" тұжырымдамасы нақты сұранысқа айналған. Яғни тұрғын үйден жұмыс орнына, мектепке, дүкенге немесе спорт нысандарына дейінгі жол қысқа болуы тиіс. Бұл – уақытты үнемдеу ғана емес, күнделікті шаршауды азайтудың тиімді жолы.
Шаршы метр емес, сапа мен орта маңызды
Қазіргі сатып алушы үшін пәтердің көлемінен бұрын құрылыстың сапасы, қолданылған материалдар және тұрғын үй кешенінің концепциясы алдыңғы орынға шықты. Үйдің қандай ортада орналасқаны, көршілердің құрамы, аула кеңістігінің қауіпсіздігі – мұның бәрі өмір сапасына тікелей әсер етеді. Сонымен қатар пәтер таңдауда жеке өмір ырғағын ескеру маңызды. Көлікке тәуелдісіз бе, әлде жаяу жүріске бейімсіз бе? Күнделікті маршруттарыңыз қай бағытта? Бұл сұрақтарға жауап бермей тұрып шешім қабылдау – болашақта қолайсыздыққа әкелуі мүмкін, - деп түсіндірді Айым Хасенова.
Жастар сұранысы қалай өзгерді?
2026 жылы жастар ыңғайлы инфрақұрылымы бар ықшам пәтерлерге басымдық беріп отыр.
Үйдің маңында маркет, дәріхана, фитнес зал, серуен аймағы болғаны – стандартқа айналды. Ал жас отбасылар үшін балабақша, мектеп пен қоғамдық көліктің қолжетімділігі шешуші фактор. Қала ішінде ұзақ жолға уақыт жұмсау – қазіргі өмір қарқынына сай келмейді. Сондықтан сұраныс барлық қажетті қызметтер бір жерде шоғырланған аудандарға ойысып жатыр, - дейді ол.
Қауіпсіздік ұсақ-түйекке қарамайды
Жаңа пәтерге кіргенде ең алдымен жасалуы тиіс әрекеттердің бірі – есіктің құлпысын ауыстыру. Бұл формальды қадам емес, жеке қауіпсіздіктің базалық талабы. Бұрынғы иеде немесе үшінші тұлғаларда кілттің көшірмесі қалуы мүмкін деген тәуекелді елемеуге болмайды.
Көпшілік ұстанатын ортақ тәжірибе бар: жаңа үйге кірмес бұрын тазалық жасап, ескі заттардан арылу. Бұл – кеңістікті ғана емес, психологиялық тұрғыдан жаңа кезеңді бастауға көмектесетін қадам. Сондай-ақ үлкендердің батасын алу, жақын адамдарды шақырып, жаңа үйді «таныстыру» – қоғамда қалыптасқан дәстүр. Мұндай әрекеттер жаңа ортаға тез үйренуге ықпал етеді, - дейді Хасенова.
Ипотека неге арзандамайды?
Ипотеканың қымбат болып қалуының басты себебі – Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі белгілейтін базалық мөлшерлеменің жоғары болуы. Ол төмендемейінше, банктер де ипотеканы арзан пайызбен ұсына алмайды. Сондықтан 2026 жылы ипотеканың айтарлықтай арзандауы күтілмейді.
Сарапшылардың айтуынша, қазіргі жағдайда банктер үшін ұзақ мерзімді әрі төмен пайызды ипотека тәуекелі жоғары. Сол себепті жаңа жеңілдетілген бағдарламалар пайда болуы екіталай.
Пәтер бағасы төмендей ме?
Мамандар биыл тұрғын үй бағасы күрт арзандайды деп есептемейді. Бұған сұраныстың жоғары болуы, қолжетімді үйдің аздығы және құрылыс шығындарының қымбаттауы әсер етіп отыр.
Ипотекамен үй алатындар көп пе?
Қазақстанда баспана алудың шамамен үштен бірі ғана ипотека арқылы жүзеге асады. Оның көбі – мемлекеттік бағдарламалар. Ал жоғары пайызды нарықтық ипотеканы көп адам ала бермейді. Бұл ипотеканың әлі де қымбат екенін көрсетеді.
Баспана сарапшысы Айгүл Дүйсенова тиімді мемлекеттік бағдарламалар бар кезде соны пайдаланған дұрыс екенін айтады.