2026 жылы кімдер грант алып, жұмысқа орналасты?

16,5 мың адам қоғамдық жұмыстарға тартылып, уақытша табыс көзін тапты.

 pexels.com Бүгiн 2026, 09:46
Бүгiн 2026, 09:46
118
Фото: pexels.com

2026 жылы Қазақстанда жұмыспен қамту бағытында бірқатар маңызды бағдарламалар жүзеге асып, мыңдаған азаматқа нақты мүмкіндік берілді. Жыл қорытындысы бойынша жұмыспен қамтуға жәрдемдесудің белсенді шараларымен 46,9 мың адам қамтылды. Соның ішінде 39,9 мың қазақстандық жұмысқа орналасқан, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Мемлекеттік қолдау аясында жұмысқа орналасудың бірнеше бағыты іске асты. Бұл туралы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі мәлімдеді.

Атап айтқанда, субсидияланатын жұмыс орындарына 20,3 мың адам жіберілді. Оның ішінде 1,6 мың адам әлеуметтік жұмыс орындары арқылы еңбек етсе, 894 жас маман жастар практикасына қатысып, тәжірибе жинақтады. Сонымен қатар 16,5 мың адам қоғамдық жұмыстарға тартылып, уақытша табыс көзін тапты. Ал «Күміс жас» жобасы аясында 1,2 мың зейнеталды жастағы азамат жұмыспен қамтылды, - деді министрлік.

Кәсіп ашамын дегендерге де мүмкіндік қарастырылған.

Әлеуметтік осал санаттағы азаматтарға жаңа бизнес-бастамаларды жүзеге асыру үшін 400 айлық есептік көрсеткішке дейін, яғни 1 млн 730 мың теңгеге дейінгі 9 мың грант беру жоспарланған. Бұл – өз кәсібін бастауға ниетті жандар үшін үлкен қолдау, - дейді ведомствода.

Біліктілікті арттыру да басты назарда болды.

Еңбек нарығында сұранысқа ие дағдылар бойынша онлайн оқытумен 13,2 мың жұмыссыз қамтылды. Оның ішінде 9,8 мың адам оқуын аяқтап, арнайы сертификат алды, - деп хабарлады министрлік.

Сондай-ақ биыл «Бастау Бизнес» жобасы арқылы 6,9 мың адам кәсіпкерлік негіздеріне оқытылды. Олардың 2,7 мыңы оқуды толық аяқтап, өз ісін жүргізудің алғашқы қадамдарын меңгерген.

Министрлік мәліметінше, алдағы кезеңде кәсіби оқыту бағытында да жұмыстар жалғасады. Жоспар бойынша 10 мың адамды кәсіптік оқыту курстарына жіберу көзделіп отыр.

Айта кету керек, азаматтардың жұмысқа нақты орналасқаны міндетті зейнетақы жарналары арқылы расталады. Бұл еңбек қатынастарының ашықтығын қамтамасыз етеді.

Сонымен қатар министрлік цифрлық мүмкіндіктер де кеңінен пайдаланылуда екенін айтады. 

2026 жылғы 1 наурыздағы жағдай бойынша Электрондық еңбек биржасы арқылы 19,6 мың адам бос жұмыс орындарына орналасқан, - делінген ведомство хабарламасында.

Жалпы алғанда, 2026 жылы жүзеге асырылған шаралар халықтың табысын арттыруға, кәсіпкерлікті дамытуға және еңбек нарығындағы тұрақтылықты сақтауға бағытталды. Мемлекеттік бағдарламалардың тиімділігі мыңдаған адамның жұмыс тауып, өз кәсібін бастауына жол ашып отыр.

Наверх