Қазақстанның соңғы жаңалықтары

2026 жылы ипотека мен тұрғын үй нарығы қандай болады?

Бүгiн, 07:30
434
Бөлісу:
 BAQ.KZ коллажы
Фото: BAQ.KZ коллажы

Қазақстанда тұрғын үй бағасының өсуі мен ипотеканың қолжетімділігі соңғы жылдары қоғамда жиі талқыланып жүрген тақырыптардың бірі. 2026 жылы бұл нарықта түбегейлі өзгерістер бола ма, әлде қазіргі үрдіс сақтала ма? BAQ.KZ тілшісі сарапшылардың болжамына сүйене отырып, алдағы жылға қатысты негізгі тенденцияларды саралап көрді.

Ипотека неге қымбат күйінде қалуы мүмкін?

Қаржы нарығындағы басты факторлардың бірі - базалық мөлшерлеме. Ұлттық Банктің базалық мөлшерлемесі жоғары деңгейде сақталған жағдайда, коммерциялық банктер де ипотекалық несиені арзан ұсына алмайды. Осы себепті 2026 жылы ипотека бойынша пайыздық мөлшерлемелердің айтарлықтай төмендеуі күтілмейді.

Сарапшылардың айтуынша, қазіргі экономикалық жағдайда банктер үшін ұзақ мерзімді әрі төмен пайызды ипотека ұсыну тәуекелі жоғары. Сондықтан нарықта қолданыстағы бағдарламалар сақталғанымен, жаңа жеңілдетілген ипотекалық өнімдердің пайда болуы екіталай.

Тұрғын үй бағасы төмендей ме?

Мамандардың пікірінше, биыл пәтер бағасының күрт арзандауын күтуге негіз жоқ. Бұған бірнеше фактор әсер етіп отыр. Біріншіден, елде тұрғын үйге деген сұраныс әлі де жоғары. Екіншіден, қолжетімді тұрғын үй қоры жеткіліксіз. Үшіншіден, құрылыс материалдары мен жұмыс күшінің қымбаттауы да бағаға тікелей ықпал етеді.

Қазақстан риэлторлар қауымдастығы президентінің кеңесшісі Нина Лукьяненконың айтуынша, Қазақстандағы тұрғын үй нарығы 2025 жылдың қорытындысында ірі қалаларда қалыпты өсім көрсетіп, өңірлерде баяу қозғалыс байқатты.

Өткен жылы жаңа салынған үйлердің бағасы мегаполистерде орта есеппен 6-8 %-ға қымбаттаған. Ал аймақтарда бұл үрдіс айқын сезілмей, кейбір өңірлерде нарық белсенділігі төмен деңгейде қалды,-дейді ол.

Сондай-ақ жыл басында сатылымдар мен мәмілердің аз болуын дәстүрлі құбылыс деп баға берді.

Қаңтар мен ақпан айларында сатып алушылар әдетте белсенділік танытпайды: мерекеден кейін қаржылық жоспарларын қайта қарап, жаңа экономикалық және реттеуші шешімдерді күтеді. Осыған байланысты наурызға дейінгі кезеңде жасалатын операциялар көлемі қысқаруы мүмкін,-дейді ол.

Ипотека арқылы үй алатындар аз ба?

Қазақстанда тұрғын үй сатып алудың шамамен үштен бірі ғана ипотека арқылы жүзеге асады. Оның басым бөлігі- мемлекеттік қолдау тетіктері бар бағдарламалар. Ал нарықтық, яғни жоғары пайызды ипотеканың үлесі айтарлықтай аз.

Бұл жағдай ипотеканың көпшілік үшін әлі де қымбат қаржы құралы екенін аңғартады. Сондықтан көптеген азамат баспана алуда жеке жинаққа немесе балама қаржыландыру жолдарына сүйенуге мәжбүр.

Баспана сарапшысы Айгүл Дүйсенова осыған дейін ипотеканы халық тиімсіз деп келгенін айтады.

Ақша күннен күнге құнсызданып жатыр. Бұрын халық ипотекаға үй алуды, қарызға кіру деп есептейтін. Қазір мемлекет тарапынан,түрлі тиімді бағдарламалар бар. Сондықтан барынша қолжетімді бағдарламалар шыққан жағдайда, оны пайдалануға тырысу керек,-дейді ол.

Қандай кеңес бересіз?

Ұлттық банк төрағасы Тимур Сүлейменов жоғары базалық мөлшерлеме кезеңінде ипотекалық несие алуға асықпауға кеңес береді.

Қаржыгер ретінде жоғары базалық мөлшерлеме кезеңінде несие мен ипотека алмай кішкене күту қажет. Инфляция төмендеген сайын, базалық мөлшерлеме де азаяды. Соған сәйкес нарықтағы банктердің пайыздық мөлшерлемесі төмендейді. Кейін болашаққа сеніммен қарап, ипотека алуға болады,- дейді Тимур Сүлейменов.

Ал баспана сарапшысы Айгүл Дүйсенова ипотекаға үй алу кезінде несие тарихыңызды бұзбауға кеңес береді.

Үй сатып аларда, егер қаржылық жағдайыңызды үнемдегіңіз келсе, қолма-қол ақшаға алғаннан көрі, бастапқы жарнаны енгізіп, үй рәсімдегеніңіз жөн. Қазір оған қолайлы бағдарламалар бар. Ал қолма-қол ақшаға үй аламын десеңіз, барынша нарықты зерттеген абзалырақ,- дейді ол.

2026 жылы Қазақстандағы ипотека мен тұрғын үй нарығында түбегейлі өзгеріс болмайды. Пәтер бағасы біртіндеп өсуін жалғастыруы мүмкін, ал ипотека бұрынғыдай шектеулі топқа ғана қолжетімді болып қала береді. Сондықтан баспана мәселесінде әр азамат өз қаржылық мүмкіндігін салмақтап, ұзақ мерзімді шешім қабылдауы қажет.

Өзгелердің жаңалығы