Келесі жылы Бөкей ордасының құрылғанына 225 жыл толуы тойланады, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Бұл туралы Батыс Қазақстан облысының әкімі Нариман Төреғалиев Орталық коммуникациялар қызметінің алаңында өткен баспасөз мәслихатында мәлімдеді.
Келесі жылы Бөкей ордасының құрылғанына 225 жыл толады. Іс-шараны өткізуге толық дайындыққа былтырдан бастап кірістік. Ол ауданға (Бөкей ордасы – ред.) жол жетті. Бұрынғыдай қиындық көрмейді. Қазір 4-5 сағатта 600 шақырым жолды жүріп өтіп, облыс орталығына жетуге болады. Бұрын Хан ордасына дейін 21 шақырым жерде жол жоқ болатын. Оны да асфальттап, жаңа жол салдық. Мектебі мен Мәдениет үйін күрделі жөндеуден өткіздік. Жаңа спорт кешені салынды. Хан ордасының өзінде визит-орталық пен әкімшілік ғимарат бой көтерді, – деп атап өтті облыс әкімі.
Сонымен қатар реконструкцияны қажет ететін нысандардың барлығын күрделі жөндеуден өткізгенін алға тартты.
Биыл Жәңгір хан атамыз жатқан кесенеге реконструкция жасалып жатыр. Ауылдың ішіндегі көшелерге жол салынып, абаттандырылып, жаңадан электр жарығы тартылды. Жалпы, Хан ордасы, Бөкей ордасы ауданы мерейтойға толықтай дайын, – деді өңір басшысы.