Көлік министрі Марат Қарабаевтың сөзінше, платформаны 2026 жылдың бірінші жартыжылдығында қолданысқа енгізу жоспарланған, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, автожол саласындағы қолданыстағы цифрлық жүйелер негізінде "E-Joldar" бірыңғай цифрлық платформасы құрылып, олар интеграцияланады, - деді ведомство басшысы.
Платформа автомобиль жолдары бойынша ақпаратты жинау мен есепке алу жүйесін қамтиды және жол саласын дамыту үдерістерінің ашықтығын, жол активтерін сенімді түрде бақылау мен тиімді басқаруды қамтамасыз етеді.
Платформа негізінде автожолдарды пайдаланушылар, белсенді азаматтар, жергілікті атқарушы органдар және жол активтерін басқаруға жауапты мамандар арасындағы қарым-қатынас автоматтандырылады. Оны қолданысқа енгізу 2026 жылдың бірінші жартыжылдығына жоспарланған, - деп түсіндірді Марат Қарабаев Үкімет отырысында.
Еске сала кетейік, 2025 жылы 13 мың шақырым жол жөнделеді. Көлік министрі Марат Қарабаев биыл қосымша 4 мың шақырым ақылы учаскелер енгізілетінін мәлімдегені туралы осыған дейін жаздық.