2026 жылы Алматыда 269,79 шақырым электр желісі жаңғыртылып, қосалқы станциялар мен тарату пункттері қайта жөнделеді. Негізгі мақсат – электрмен жабдықтау тұрақтылығын арттырып, апаттық өшірулерді азайту.
Жоспарға сәйкес, 210 шақырым кабель желісі жаңартылып, бірнеше ауданда әуе желілері ауыстырылады. Сонымен қатар 22 трансформаторлық қосалқы станция мен үш тарату пункті қайта жаңғыртылады.
Мамандардың айтуынша, жүргізілген жұмыстар нәтижесінде 2025 жылы апаттық өшірулер саны 12%-ға төмендеген.
Бұл туралы Алматы өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында қалалық Энергетика және сумен жабдықтау басқармасының басшысы Нұрбақыт Серікбай мәлімдеді. Оның айтуынша, басты міндет — желілердің тозуын төмендету, электрмен жабдықтау сенімділігін арттыру және апатты өшу санын азайту.
Жөндеу маусымы аясында қалада 10/6/0,4 кВ кернеулі 269,79 шақырым электр желісін жаңғырту және қайта құру жоспарланған. Оның ішінде 210 шақырымы – 10/6 кВ кабель желілерін жаңарту. Бұл жұмыс Алмалы, Бостандық және Наурызбай аудандарында жүргізіледі. Сонымен қатар Алмалы, Наурызбай және Алатау аудандарында 0,4 кВ әуе желілерінің шамамен 60 шақырымы жаңартылады.2026 жылы Алматының электр желілерін ауқымды жаңғырту жалғасады. Әсіресе, инфрақұрылымы ең көп тозған аудандарға мән беріліп отыр. Кабель және әуе желілерін жаңарту, қосалқы станциялар мен тарату пункттерін жаңғырту жоспарланған. Бұл шаралар энергия жүйесінің тұрақтылығын арттырып, апатты өшулер қаупін азайтады, – деді Нұрбақыт Серікбай.