Арменияның Мегри қаласы өз тарихындағы ең маңызды оқиғалардың біріне дайындалуда – 2026 жылы ол ресми түрде Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығының (ТМД) мәдени астанасы атанады. Бұл шешім 2024 жылғы 8 қазанда Мәскеуде өткен ТМД мемлекеттері басшылары кеңесінің отырысында қабылданды. Осылайша, Арменияның оңтүстігінде орналасқан шағын қала бүкіл өңірдің мәдени күн тәртібінің орталығына шықты, деп хабарлайды BAQ.KZ ТМД Атқару комитетіне сілтеме жасап.
ТМД Атқару комитетінің мәліметінше, Мегри – Армениядағы ең көне қалалардың бірі. Ол біздің заманымыздың X ғасырының басында әйгілі армян патшасы Смбат I Багратунидің тұсында негізі қаланған. Қала атауы "бал" деген мағынаны білдіретін Мегри өзенінен шыққан. Бұл өзен Аракс өзенінің саласы болып табылады және ежелден бері қаланың тіршілігі мен шаруашылығында маңызды рөл атқарған.
Иранмен шекарада орналасқан Мегри Армениядағы ең оңтүстіктегі ғана емес, сонымен қатар ең “төмен” қала саналады – ол теңіз деңгейінен небәрі 600 метр биіктікте орналасқан. Осыған байланысты Мегри елдегі ең ыстық қала ретінде белгілі. Алайда қазіргі Мегри аумағы орта ғасырлардан әлдеқайда бұрын, қола дәуірінде-ақ қоныстанған. Қала маңынан б.з.д. VII–VI ғасырларға жататын, Урарту патшалығы кезеңінің көптеген археологиялық ескерткіштері табылған.
Қаланың сәулеттік келбетінде ерекше орын алатын ең көне аудан – "Кіші тах". Бүгінде мұнда бар-жоғы 65 отбасы тұрады, ал үйлердің басым бөлігі тарихи қалпын сақтаған: ағаштан жасалған доғалы есік-терезелер, ағаш төбелер мен үй ішіндегі каминдер бар. Осы ауданда XVII ғасырға жататын, қабырға суреттерімен әйгілі жұмыс істеп тұрған Сурб Ованес шіркеуі орналасқан. 2005 жылы "Кіші тах" армян мәдени-тарихи ескерткіштері тізіміне енгізілген.
Қала маңында XV–XVIII ғасырларға жататын Мегру Ванк шіркеуі, ал шығыс биіктіктерінде XI ғасырда салынған Мегри қамалының қирандылары орналасқан. Бұл тарихи нысандар 2026 жылы өтетін көптеген мәдени іс-шараларға ерекше көрік бермек.
Мегриді "бал өлкесі" деп атауы бекер емес. Мұнда гүлдеген бақтардың көп болуы ара шаруашылығының дамуына ықпал еткен. Ежелгі замандарда Мегридің балы армян патшаларының дастарханына ұсынылған. Аймақта анардан бөлек зәйтүн, інжір және құрма өседі. Көктемде қала маңындағы төбелер көкнәр гүлдерінің қып-қызыл кілеміне оранады. Айта кетерлігі, бұл өңірде жабайы жануарлар сирек кездеседі, есесіне құстар мен көбелектер өте көп. Мұнда тіршілік ететін жәндіктердің кейбір түрлері жойылып кету қаупіне байланысты "Қара кітапқа" енгізілген.
Мегридің мәдени өмірі де терең дәстүрге ие. Қалада 1882 жылы құрылған қоғамдық кітапхана жұмыс істейді. Муниципалитет мәдениет орталығын және балалар көркемсурет мектебін басқарады, ал 1985 жылдан бері Ереван көркемөнерді оқыту орталығының филиалы қызмет етеді.
2026 жылы Мегри ТМД елдері мәдениет және өнер өкілдерінің шығармашылық байланыс орнататын негізгі алаңдарының біріне айналады. Жыл бойы музыканттар мен әртістердің, жазушылар мен суретшілердің, ғалымдар мен спортшылардың қатысуымен түрлі шаралар өтеді. Қала тұрғындары мен қонақтарын көрмелер, шығармашылық кездесулер, музыкалық байқаулар, танымал эстрадалық және классикалық орындаушылардың гастрольдері күтеді.
Алғашқы шығармашылық топ Мегриге 2026 жылдың сәуір айында келеді. Сол кезде "Мегри – ТМД-ның мәдени астанасы – 2026" бағдарламасының ресми ашылуы өтеді. Бұл мәртебе қаланың бай тарихи-мәдени мұрасына назар аудартып қана қоймай, оның дамуына серпін беріп, Мегриді Достастықтағы ең жарқын мәдени орталықтардың біріне айналдырады деп күтілуде.