2026 жылға қарай ел экономикасының қалай дамитыны айтылды

24 Тамыз 2021, 09:34
10834
Бөлісу:
2026 жылға қарай ел экономикасының қалай дамитыны айтылды

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Үкімет отырысында Ұлттық экономика министрі Әсет Ерғалиев елдің 2022-2026 жылдарға арналған әлеуметтік-экономикалық даму болжамының жобасын ұсынды.

Министрі еліміздің 2022–2026 жылдарға арналған әлеуметтік-экономикалық даму болжамы әлемдік және еліміздің экономикасының түрлі даму сценарийлеріне сәйкес бірнеше параметр ескеріле отырып қалыптастырылғанын айтты.

2020 жылғы жалпы ішкі өнім бойынша есептік статистикалық деректерді және осы жылдың қаңтар-шілде айларындағы экономиканы дамыту қорытындылары, Халықаралық қаржы ұйымдарының жаңартылған болжамдары бойынша әлемдік экономиканың өсуі 2022 жылы 4,9%-ға, 2023 жылы - 3,5%-ға өсуі күтіліп отыр, - деді Ерғалиев.

Сонымен бірге, оның айтуынша, Халықаралық қаржы ұйымдарының консенсус-болжамы бойынша 2022 жылы мұнай бағасының баррелі 64,5 АҚШ доллары, ал 2023 жылы 58 АҚШ доллары деңгейінде болады.

Сыртқы және ішкі жағдайларға байланысты Қазақстан экономикасын дамытудың 2022-2026 жылдарға арналған базалық, оптимистік және пессимистік сценарийлері әзірленді. Базалық сценарий кезінде жалпы ішкі өнімнің орташа жылдық өсуі 4,8%-ды, оптимистік 5%-ды және пессимистік - 4,6%-ды құрайды, - деп түсіндірді ол.

Бұл сценарий кезінде 2022 жылы жалпы ішкі өнімнің нақты өсуі 3,9% деңгейінде болжанып отыр. 2026 жылы 5,2%-ға дейін өседі.

2022 жылы номиналды жалпы ішкі өнім 87,1 триллион теңгені, ал 2026 жылы 119,9 триллион теңгені құрайды. Барлық базалық салада оң өсім күтіліп отыр. 2022 жылы мұнай өндіру 87,9 миллион тоннаны құрап, 2026 жылы 107,4 миллион тоннаға дейін ұлғаяды, - деп айтты министр Үкіметте.

Сондай-ақ 2022 жылы тауарлар экспорты 60,1 миллиард АҚШ доллары деңгейінде болжанып отыр. Ал 2026 жылға қарай 79,8 миллиард АҚШ долларына дейін ұлғаяды.

Тауарлар импорты 2022 жылы 40,8 миллиард АҚШ долларынан 2026 жылы 43,4 миллиард АҚШ долларына дейін ұлғаяды. Сауда балансының сальдосы 19,3 миллиард АҚШ долларынан 36,4 миллиард АҚШ долларына дейін өседі. Осы макроэкономикалық көрсеткіштерді ескере отырып, бюджеттік параметрлердің келесі болжамы әзірленді. Республикалық бюджеттің кірістері 2022 жылы болжамдар бойынша 9,2 триллион теңгені, 2023 жылы - 9,7 триллион теңгені, 2024 жылы - 10,4 триллион теңгені құрайды, - деп атап өтті Ұлттық экономика министрі.

Сонымен қатар ол кепілдендірілген трансфертті 2022 жылы 2,4 триллион теңге, 2023 жылы 2,2 триллион теңге және 2024 жылы 2 триллион теңге мөлшерінде айқындап, әлеуметтік міндеттемелерді қаржыландыруға бағыттау ұсынылатынын жеткізді.

Ерғалиев айтылған болжамдарды ескере отырып Ұлттық қордан 2022-2024 жылдарға арналған кепілдендірілген трансферт туралы заң жобасы әзірленіп, Үкімет қарауларына енгізіліп отырғанын айтты.

Өзгелердің жаңалығы