"Бір күндік клиника" жобасы бүкіл елімізде кең ауқымда жүріп жатыр, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Бұл туралы Үкіметтің баспасөз қызметі мәлімдеді.
"Бір күндік клиника" жобасы пилоттық режимде жүзеге асырылған өңірлердің тәжірибесі бүкіл Қазақстанға таратылады. Оны іске асыру жүкті әйелдерді пренатальды диагностикалаудың инновациялық әдістерінің қолжетімділігін қамтамасыз етуге және денсаулығында туа бітті кінәраты мен хромосомалық патологиясы бар бала туу қаупін дер кезінде анықтауға мүмкіндік берді. Бір күн ішінде «бір терезе» қағидаты бойынша пренатальды диагностика және тексеру нәтижелерін алу қызметтері мен әдістерінің жоғары сапасы жүзеге асырылды. Бүгінге дейін бұл мүмкіндікті 35 мыңнан астам әйел пайдаланған.
Сонымен қатар Қазақстанда алғаш рет «Ұрық медицинасы» жобасы іске асырылды. Бұл – отандық денсаулық сақтау жүйесіндегі жаңа бағыт. Ол аз инвазивті процедуралар арқылы ұрықтың ерте патологиялық жағдайларын емдеуге және түзетуге мүмкіндік береді. Бүгінгі таңда 20 жатырішілік ота жасалды. Аталған жоба 2025 жылдың 1 қаңтарынан бастап бүкіл республика бойынша жүзеге асырылады.