2025 жылға дейін 189 ауылдың инфрақұрылымын жақсарту жоспарланды

18 Қаңтар 2021, 23:42
1360
Бөлісу:
2025 жылға дейін 189 ауылдың инфрақұрылымын жақсарту жоспарланды

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. 2020 жылы өңірдегі ауыл тұрғындарының өмір сүру сапасын арттыру үшін мемлекеттік бағдарлама бойынша 3,9 миллиард теңге қарастырылса, 2021 жылы «Ауыл – ел бесігі» аясында қаржыландыру көлемін бір жарым есеге арттыру жоспарланып отыр. Бұл туралы Павлодар облысы әкімінің орынбасары Асайын Байханов мәлімдеді.

Әлеуметтік желілердегі жеке парақшаларында өңір басшысының орынбасары өткен жылы «Ауыл - ел бесігі» бағдарламасын жүзеге асыру нәтижелері туралы айтып берді. Кешенді жақсарту жоспарына Павлодар облысының бірден 18 ауылы енгізілді. Бұл 55 мың тұрғынның өмір сүру сапасын арттыруға мүмкіндік берді.

Асайын Байханов атап өткендей, Шарбақты және Успен аудандарының орталықтарында аурухана ғимараттары жөнделді. Успен ауданының құрамына кіретін Галицкое ауылында дәрігерлік амбулатория абаттандырылды.

Жаңарту жұмыстары білім беру мекемелерінде де жүзеге асырылды. Луганск және Чернорецк (Павлодар ауданы), Ақтоғай (Ақтоғай ауданы), Аққулы (Аққулы ауданы), Жұмыскер (Май ауданы), Успенка және Галицкое ауылдарында жалпы білім беретін мектептердің үй-жайлары жөнделді.  

Железинка ауылында (Железин ауданы) мемлекеттік бағдарлама есебінен «Автобаза» шағын ауданындағы 132 үй су құбырын қайта қалпына келтіріп, сапалы ауыз суға қол жеткізуді қамтамасыз етті. «Ауыл – ел бесігі» бойынша 16 елді мекенде бірден 77 шақырым кентішілік жолдарға асфальт төселген. Олардың 84%-ы бұрын-соңды асфальтталмаған.

Спорттық инфрақұрылым да назардан тыс қалған жоқ. Көктөбе (Май ауданы), Майқайың (Баянауыл ауданы), Шарбақты және Успенка ауылдарында толық көлемді футбол алаңдары салынды. Павлодар қаласының ауылдық аймағына кіретін Жетекші ауылында дене шынықтыру-сауықтыру орталығы, Ақтоғай ауданының орталығында хоккей корты, ал Галицкое ауылында спорт алаңы пайдалануға берілді. Ал Ертіс ауданының Ағашорын және Павлодар ауданының Ольгинка ауылдарында жаңа мәдениет үйлері салынды. Галицкое және Чернорецк ауылдарындағы мәдениет үйлерінде қайта құру жұмыстары жүргізілді.

Өңір басшысы орынбасарының мәліметінше, өткен жылмен салыстырғанда 2021 жылы облыс бойынша «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасының бюджетін 1,5 есеге арттыру жоспарланған. Жалпы 2025 жылға дейін мемлекеттік бағдарлама аясында Павлодар облысының 189 ауылының инфрақұрылымын жақсарту көзделген.

Өзгелердің жаңалығы