2025 жыл: Қазақстандық спортшыларды қандай ірі жарыстар күтіп тұр

5 Қаңтар 2025, 13:07
1227
Бөлісу:
2025 жыл: Қазақстандық спортшыларды қандай ірі жарыстар күтіп тұр
PHOTO
Фото: BAQ.KZ

2025 жылы спорт әлемінде бірқатар маңызды жарыстар өтеді. Спортшыларымыз қандай әлемдік додаларға қатысады шолу жасап көрген едік, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

ІХ қысқы Азия ойындары

2025 жыл: Қазақстандық спортшыларды қандай ірі жарыстар күтіп тұр
Фото: Туризм және спорт министрлігі

ІХ қысқы Азия ойындары 2025 жылғы 7-14 ақпан күндері Қытай Халық Республикасының Харбин қаласында өтеді. Ашылу салтанаты 7 ақпанда, жабылу салтанаты 14 ақпанда Харбин қаласындағы Harbin International Convention and Exhibition Center Stadium спорт кешенінде өтеді. Жарысқа құрлықтағы 32 елден 1147 спортшы қатысады. Олар спорттың 6 түрінен (11 дисциплина – биатлон, тау шаңғысы, кёрлинг, конькимен жүгіру, шорт-трек, мәнерлеп сырғанау, шаңғы жарысы, сноуборд, фристайл-акробатика, шайбалы хоккей, ски-альпинизм) 196 медаль жиынтығын сарапқа салады. Елімізден спорттың 6 түрінен 139 спортшы (71 ер, 68 әйел) бақ сынайды. Олар 50 медаль жиынтығына таласады. Биатлон – 10 спортшы, кёрлинг – 12 спортшы, конькимен жүгіру спорты – 20 спортшы, мәнерлеп сырғанау – 4 спортшы, шорт-трек – 12 спортшы, шаңғы жарысы – 12 спортшы, шайбалы хоккей ерлер – 23 спортшы, әйелдер – 23 спортшы, тау шаңғы спорты – 8 спортшы, фристайл-акробатика – 7 спортшы, шаңғы жарысы – 8 спортшы ел атынан сынға түседі.

Бокстан әлем чемпионаты

2025 жыл: Қазақстандық спортшыларды қандай ірі жарыстар күтіп тұр
Фото: olympic.kz

Наурыз айында әйелдер арасында Әлем чемпионаты Сербияда өтеді. Мамыр немесе маусым айында IBA ұйымының Әлем чемпионаты Түркияда және қыркүйек айында World Boxing ұйымының әлем чемпионаты Англияда ұйымдастырылады деп жоспарланған. Әзірге жарыстардың нақты күні белгісіз.

Күрес түрлерінен әлем чемпионаты

2025 жыл: Қазақстандық спортшыларды қандай ірі жарыстар күтіп тұр
Фото: olympic.kz

Ересектер арасындағы әлем біріншілігі 13-21 қыркүйек аралығында Хорватияның Загреб қаласында өтеді. Сонымен қатар, жастар мен жасөспірімдер арасында түрлі жарыстар Афина, София және Нови-Сад қалаларында ұйымдастырылады.

Киберспорттағы жарыстар

2025 жыл: Қазақстандық спортшыларды қандай ірі жарыстар күтіп тұр
Фото: balbal.kz

2025 жылы киберспортта бірнеше маңызды жарыстар өтеді. Austin Major 2025 – Counter-Strike 2 бойынша ірітурнир. Бұл Major чемпионатының бір бөлігі, оны Valve ұйымдастырады. Турнир әлемнің үздік командаларын жинап, Counter-Strike сахнасының ең беделді шараларының бірі болмақ. Олимпиадалық киберспорт ойындары – Сауд Арабиясында алғаш рет Олимпиадалық киберспорт ойындары өткізіледі. Бұл жарыс 2025 жылы Халықаралық Олимпиада комитетінің қолдауымен өтеді. Ойындарға танымал MOBA, шутерлер және басқа жанрлардағы ойындар кіреді. Бұл іс-шара киберспортты Олимпиадалық деңгейге шығару бағытындағы маңызды қадам болып тұр. The International 2025 (Dota 2) – Бұл дәстүрлі турнир әлемдегі ең беделді Dota 2 чемпионаты. 4 Valorant Champions Tour 2025 – Riot Games-тің Valorant бойынша кәсіби турнирлер сериясы. Бұл турнир әлемнің түкпір-түкпірінен үздік командаларды жинап, жаңа стратегиялар мен шеберлікті көрсетеді. FIFA eWorld Cup 2025 – FIFA жанкүйерлері үшін үлкен турнир. Бұл шара виртуалды футболдың әлемдік деңгейдегі жарысы.

Ауыр атлетикадан Азия чемпионаты

2025 жыл: Қазақстандық спортшыларды қандай ірі жарыстар күтіп тұр
Фото: ҚР ҰОК телеграм арнасынан

2025 жылы ауыр атлетикадан жастар мен жасөспірімдер арасындағы Азия чемпионаты Қазақстанда өтеді деп жоспарланған. Бұл шешім Халықаралық және Азия федерацияларының өкілдерімен өткен кездесулер барысында айтылған. Чемпионаттың нақты өткізілетін уақыты мен қаласы әлі жарияланған жоқ. Чемпионатты ұйымдастыру Қазақстанның ауыр атлетика саласын дамытудағы елеулі қадам ретінде қарастырылуда. Бұл шара Азиядағы жас спортшылардың шеберлігін көрсетуімен қатар, еліміздің спорттық беделін арттыруға да ықпал етеді .

XXXII Дүниежүзілік қысқы универсиада

2025 жыл: Қазақстандық спортшыларды қандай ірі жарыстар күтіп тұр
Фото: WUG Torino

2025 жылдың 13-23 қаңтар аралығында Италияның Турин қаласында XXXII Дүниежүзілік қысқы Универсиада өтеді. Әлемнің 57 елінен 2000-ға жуық спортшы қатысатын бұл ірі жарыста 11 спорт түрі бойынша 96 медаль жиынтығы сарапқа салынады. Биыл Универсиада бағдарламасына алғаш рет екі жаңа спорт түрі — пара тау шаңғысы және пара шаңғы жарыстары — енгізілді. Қазақстан атынан жарысқа 103 спортшы қатысады, олар ұлттық және жастар құрамаларының мүшелері.

Өзгелердің жаңалығы