2023 жылы тойланатын атаулы күндер мен мерейтойлар

10 Қазан 2022, 12:50
99560
Бөлісу:
2023 жылы тойланатын атаулы күндер мен мерейтойлар

2023 жылы елімізде қандай атаулы күндер мен мерейтойлар атап өтілетінін назарларыңызға ұсынамыз, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Қожа Ахмет Яссауидің туғанына – 930 жыл

Қожа Ахмет Яссауи – суфизм поэзиясының негізін қалаушы, барлық Шығыс мұсылмандарының рухани тәлімгері және діни жетекшісі. Ақын, ойшыл, ғұлама 1093 жылы Ясы қаласында дүниеге келген. Ұстазы – Арыстан баб. Оның бүгінгі ұрпаққа жеткен көлемді шығармасы -  «Диуани хикмет». 

   Сұлтан Бейбарыстың туғанына – 800 жыл

Қарапайым құлдан, мемлекет билеушісіне дейін көтерілген Мәмлүк мемлекетінің төртінші сұлтаны. Тарихқа сүйенсек, Бейбарыстың руы – қыпшақ, ол қазіргі Атырау облысының аумағында туылған.  ХІІІ ғасырдың 40-шы жылдарында, Дешті-Қыпшақ мемлекетіне моңғол әскері шабуыл жасап, тұтқынға түскен.
1260 жылы Күтіз сұлтан қайтыс болған соң, Бейбарыс таққа отырады.

 Ұлы жүздің биі Төле бидің туғанына – 360 жыл

Дулат тайпасының жаныс руынан шыққан Төле би 1663 жылы қазіргі Жамбыл облысы, Шу өңірінде туған. Үш жүзге төбе би болған Төле би өзінің әділдігі мен шешендімен танымал.

Төле би Тәуке ханның, Абылай ханның тұсында ел арасындағы әртүрлі дауларды шешуге атсалысқан.

Бұқар жыраудың туғанына- 330 жыл

Бұқар жырау Қалқаманұлы – XVIII ғасырдағы қазақ әдебиетінің ең көрнекті өкілдерінің бірі. Қазақ жырауы, мемлекет қайраткері 1668 жылдар шамасында туған. Абылай ханның ақылшы, биі болған. Жұрт оны «Көмекей әулие» деп атаған. 

Бұқар жырау шығармалары халықты отансүйгіштікке, бір орталыққа бағынған іргелі ел болуға шақырады.

Қазақтың ұлы ханы Абылайдың туғанына -  310 жыл

Абылай хан (шын есімі Әбілмансұр) — 1771 – 1781 жылдар аралығында билік құрған Қазақ хандығының 18-ші ханы. Қазақ Ордасының тарихындағы ең ұлы хандардың бірі. Арғы тегі Ақ Орданың негізін қалаған Орда Ежен ханнан бастау алады. Абылай онымен қоса Ұрыс хан, Барақ хан, Әз-Жәнібек хан сияқты билеушілердің тікелей ұрпағы. Абылай хан қазақ тарихындағы бірегей тұлға Кенесары ханның атасы.

Қазақтың ұлы ханы 1781 жылы қайтыс болып, Түркістандағы Қожа Ахмет Яссауи кесенесінде жерленген.

Қазақтың батыры Махамбет Өтемісұлының туғанына – 220 жыл

Махамбет Өтемісұлы — қазақ халқының азаттығы, теңдігі жолында, ақ найзасымен, азаткер асқақ жырымен, қасық қаны қалғанша күрескен, тіпті сол жолда құрбан болған әрі батыр, әрі, ақын. 

Қазақтың көрнекті ақыны 1836-1838 жылдары Исатай Тайманов бастаған шаруалар қозғалысын ұйымдастырушы тарихи қайраткер тұлғалардың бірі.

 Ақын өлендерінің негізгі тақырыбы — теңдік пен бостандық, әділдік үшін күрес, қанаушы отаршылдық жүйеге қарсылық болып келеді.

Шәкәрім Құдайбердіұлының туғанына – 165 жыл

Шәкәрім Құдайбердіұлы – ақын, жазушы, философ, тарихшы, композитор. Абаймен замандас әрі інісі, әрі ол негізін салған реалистік әдебиет дәстүрлерін алға апарушы ізбасары. Өзі өмір сүрген ортаның қоғамдық-саяси және әлеуметтік сыр-сипаттарын көре білуде, қоғам мен адам табиғатындағы кемшіліктерді зерделеуде, туған халқына түзу жол көрсетуде Құдайбердіұлы Абай бағытын ұстанды. Ол қазіргі  Шығыс Қазақстан облысы, Абай ауданындағы, Шыңғыстау бөктерінде 1858 жылы, 11 шілде күні дүниеге келген. 

Ұлт-азаттық көтерілісі қолбасшысы Амангелді Имановтың туғанына – 150 жыл

Аманкелді Үдербайұлы Иманов - қазақ халқының батыры. Қазақстанда 1916 жылы орын алған Ұлт-азаттық көтерілістің басшысы. Торғай уезі Қайдауыл болысының 3-ауылында кедей шаруа отбасында туған. 1918 жылы Компартия мүшесі болған.

Ұстаз,жазушы Спандияр Көбеевтің туғанына- 145 жыл

Қазақ жазушысы, қоғам қайраткері, Қазақстанның еңбек сіңірген мұғалімі Спандияр Көбеев – 1878 жылы Қостанай облысы, Меңдіқара ауданында дүниеге келген. 

Қазақ топырағында жарыққа шыққан тұңғыш романдарының бiрi болған «Қалың мал» романының авторы. Онда  қазақ ауылының әлеуметтiк суретi, қазақ әйелiнiң тағдыры, оның теңсiздiгi және жастар өмiрi, ойын-той салттары туралы бейнеленген.

Алаш қозғалысының мүшесі Мағжан Жұмабаевтың туғанына – 130 жыл

Мағжан Бекенұлы Жұмабаев - 1893 жылы 25 маусымда Солтүстік Қазақстан облысы, қазіргі Мағжан Жұмабай ауданы, Сасықкөл жағасында дүниеге келген. Алаш қозғалысының қайраткері, ақын, қазақ әдебиетінің жарық жұлдызы. 

Мағжан қазақ  поэмасын суреткерлік арнаға бұрды. Адам жанының, психология әлемінің құпия сырларын, иірімдерін, даму диалектикасын шеберлікпен кестелеп өрнектей білді. Әлемдік поэзияда экологиялық тақырыпты алғаш жырлаушылардың бірі ретінде де белгілі. 

Ақын Сұлтанмахмұт Торайғыровтың туғанына – 130 жыл

Сұлтанмахмұт Торайғыров – XIX ғасырдың аяғы XX ғасыр басында қысқа да, қиын тағдыр кешкен парасатты, демократ, реалист-ақын. Ол  1893 жылы 29 қазан айында Көкшетау облысы, Қызылту ауданында дүниеге келген. Өзінің аз ғана ғұмырында лирикалық өлең, публицистикалық очерктер мен мақалалар, 5-6 поэма, екі роман жазып үлгерген, қиындықтың дәмін татқан, шебер ақын ретінде таныс.

 «Қазақ» газетінің алғашқы нөмірінің шыққанына – 110 жыл

"Қазақ" газеті — 1918 - 1913 жылдары Орынбор қаласында жарияланып тұрған қоғамдық-саяси және әдеби-мәдени басылым.  Алғашқы нөмірі – 1913 жылы 2 ақпанда шыққан. Газеттің редакторы – Ахмет Байтұрсынұлы мен Міржақып Дулатұлы болды. 

XX ғасыр басында аталған газет оқығандардың, діндарлардың, шәкірттердің, қарапайым сауаты бар адамдардың, тұтастай жалпы ұлттың ықыласпен оқитын басылымына айналды. 

Әйгілі партизан жазушы Қасым Қайсеновтің туғанына - 105 жыл

Қазақстанның Халық Қаһарманы, Халықаралық Фадеев атындағы сыйлықтың лауреаты, партизан-жазушы, Ұлы Отан соғы­сының ержүрек батыры, халқымыздың біртуар перзенті – Қасым Қайсенов 1918 жылы 23 сәуірде Шығыс Қазақстан облысының Ұлан ауданында дүниеге келген.

1941 жылы басқыншылар қолына түскен жазушы Чапаев атындағы партизан құрамасының үшінші отрядының басқарушысы болады.

Ұлы Отан соғысының қиын-қыстау кезеңін, жауынгерлердің ерлігін суреттейтін «Жас партизандар», «Ажал аузында», «Жау тылындағы бала», «Жау тылында» секілді көптеген шығармалардың авторы.

Жазушы Ғафу Қайырбековтің туғанына – 95 жыл

Ғафу Қайырбеков 1928 жылы  15 тамызда Қостанай облысы, Торғай қаласында дүниеге келген. Абай атындағы Қазақ педагогика институтын бітірген. Қазақ мемлекеттік баспасында поэзия редакциясын басшысы, «Қазақ әдебиеті» газеті бас редакторының орынбасары, «Жазушы» баспасында поэзия редакциясының меңгерушісі секілді қызметтерді атқарған. 

Жазушы, драматург Қалтай Мұхамеджановтың туғанына – 95 жыл

Жазушы 1928 жылдың 24 желтоқсанында Қызылорда облысының Тереңөзек ауданындағы Шіркейлі ауылында дүниеге келген. 

     1959 жылы М.Әуезов атындағы мемлекеттік академиялық драма театрында «Бөлтірік бөрік астында» атты тұңғыш драмалық туындысы қойылды.

Жазушы Оралхан Бөкейдің туғанына – 80 жыл

Қазақ әдебиетінің ХХ ғасырдағы жарық жұлдыздарының бірі – Оралхан Бөкей 1943 жылы 28 қыркүйекте Шығыс Қазақстан облысы Катонқарағай ауданына қарасты Шыңғыстай  ауылында дүниеге келген.

Оралхан Бөкей – жазушы, драматург. Әдебиетке өзіндік өрнегін сала келген жазушы оқырманын өзгеге ұқсамайтын ерекшелігімен таңқалдырған жазушы. 1970 жылы Алматыда жарық көрген «Қамшыгер» атты повестер мен әңгімелерінің тұңғыш жинағы жазушы есімін көпке таныс етті.

Мұрат Әуезовтің туғанына – 80 жыл

Мұрат Мұхтарұлы Әуезов – 1943 жылы қаңтар айының 1 жұлдызында Жамбыл облысы, Меркі кентінде дүниеге келген. Ол – мәдениеттанушы-ғалым, дипломат, мемлекет және қоғам қайраткері, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Тарлан сыйлығының лауреаты, филология ғылымдарының докторы, ҚР Журналистика академиясының академигі, заңғар жазушы Мұхтар Омарханұлы Әуезовтің баласы.

Теңгенің қолданысқа енгеніне – 30 жыл

1993 жылдың 12 қарашасында Тұңғыш Президент-Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың "Қазақстан Республикасының ұлттық валютасын енгізу туралы" жарлығы шықты. Бұған дейін екі жыл бойы теңгені қолданысқа енгізуге күрделі дайындық жүргізілген еді. Нәтижесінде 1993 жылдың 15 қарашасында Қазақстанның Ұлттық валютасы теңге айналымға енді. Ескі ақшаны қазақстандық теңгеге айырбастау сағат 8.00-де басталып, 20 қарашада сағат 20.00-де аяқталды.

Ұлттық банк бастапқыда 1 теңгені сол кездегі мың рубльге бағалаған болатын. Дегенмен, еліміздің саяси, әлеуметтік мәселелері және мемлекетаралық қатынастар ескеріліп 1 теңге 500 сомға бекітілді. Теңге бірінші айналымға кірген күні 1 доллар 4,75 теңге болып бекітілді.

 

Өзгелердің жаңалығы