Қаржы министрі Мәди Тәкиев Парламент палаталарының бірлескен отырысында 2023 жылғы республикалық бюджеттің қалай атқарылғаны жайлы есеп берді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Оның сөзінше, 2023 жылы жалпы ішкі өнім 5,1%-ға өскен.
Жылдық инфляция деңгейі 2 есеге төмендеп, 9,8% көлемінде тұрақталды. Жалпы бюджет тапшылығы 3,1 трлн теңге немесе жалпы ішкі өнім 2,6%. Мемлекеттік борыш 27,2 трлн теңге немесе жалпы ішкі өнімге 22,8%-ға жетті, - деп айтты министр отырыста.
Қаржы министрінің мәліметінше, республикалық бюджеттің кірістері бойынша жылдық жоспар 99,9%-ға орындалып, бюджетке 19 трлн теңге түскен.
Бюджеттің шығыстары 99,6% атқарылып, 22,4 трлн теңгеге жетті. Игерілмеген қаражат 73 млрд теңге болса, Үкімет резервін қоса алғанда 27 млрд теңге үнемделді, - деп түсіндірді Тәкиев.
Сонымен қатар былтыр Ұлттық қордың активтері 13,4%-ға ұлғайып, 60 млрд долларға жеткен.