2020 жылы халық санағында 30 мың интервьюер жұмыс істейді

29 Наурыз 2019, 12:54
3194
Бөлісу:
2020 жылы халық санағында 30 мың интервьюер жұмыс істейді

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Қазақстанда 2020 жылы өтетін халық санағында 30 мың интервьюер жұмыс істейді. Бұл туралы ҚР Ұлттық экономика министрлігі Статистика комитетінің төрағасы Нұрболат Айдапкелов Парламент Мәжілісі кулуарында мәлімдеді.

Парламент Мәжілісінің депутаты Евгений Козлов респонденттер арасында сауалнама жүргізетін қызметкерлер - интервьюерлерге қатысты сауалын қойды. 

«Халық санағы 2020 жылы өтеді дедіңіз. Осыған орай сұрағым, алдын ала қандай да бір жұмыс жүргізіліп жатыр ма? Интервьюер саны қанща, дайындық қалай, қызмет құны анықталды ма?» - деп сұрады депутат. 

Статистика комитетінің төрағасы халық санағы кезінде шамамен 30 мың интервьюерді жұмысқа алатынын айтты. 

«Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігімен еңбекақы төлеу мәселесіне қатысты бұйрық бар. Бұл осы санаттағы жұмысшыларға қатысты. Айлық толық бюджеттен бөлінеді. Итервьюерлерді жалдау мәселесі жергілікті органдармен бірлесе шешіледі. Оларға қойылатын белгілі бір талаптарымыз бар. Ол адам талапқа сай болса ғана жұмысқа аламыз. Оқытамыз. Олармен бірге қызметкерлеріміз жүреді. Олар бастапқы кезде салыстырып тексерулер жүргізеді. Айлықтары әртүрлі санаттарға байланысты – 60 мыңнан 85 мыңға дейін. Дайындық кезінде оларға ақша төлемейміз. Жалдадық, оқыттық, содан кейін ғана жұмыс істейді», - деп айтты Айдапкелов.
Өзгелердің жаңалығы