Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Бұл туралы Армения Республикасының премьер-министрі Никол Пашинян ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың қатысуымен өтіп жатқан «Digital Almaty 2021» форумында айтты.
Бұл форум сандық экономика бағытындағы өзекті мәселелерді талқылауға арналған дәстүрлі алаңға айналды. Жоғары технологиялардың дамуы бәсекеге қабілеттілікті, халықтың қауіпсіздігі мен өмір сүру деңгейін арттыруда маңызды рөл ойнайтыны белгілі. Дәл осы жоғары технологияларды өндіріп, дамытып отырған елдер халықаралық аренада көшбасшы орында. Армения Республикасында инновациялардың цифровизациялануы және жаңа технологиялар мемлекеттік басқарудың тиімді жүйесін құруда, қолайлы бизнес орта қалыптастыруда және экономиканың қарқынды дамуы бағытында маңызды құрал саналады, - деді ол.
Оның айтуынша, сандық технология сферасы бүгінде Армения экономикасында жылдам дамып келе жатқан салалардың бірі. 2020 жылы елдегі ІТ-компаниялардың айналымы 400 миллион доллардан асқан. Алдыңғы жылмен салыстырғанда бұл көрсеткіш шамамен, 20%-ға артқан.
2020 жылы бұл саладағы қызметкерлер саны 22%-ға өсті. Қазіргі таңда Арменияда 1200-ден астам ІТ-компания жұмыс істеп тұр. Оларға тиімді салықтық жеңілдіктер қарастырылған. Пандемия қоғам, бизнес және мемлекет алдына аса қиын мәселелерді шығарып берді. Оларды карантин және толық локдаун жағдайында шешуге тура келді. Мұндай жағдайда жұмыс істеу қажеттілігі жаңа басқару мәдениетіне, сандық технологияларды кеңінен қолдануға алып келді. Дәл осы сандық технологияларды пайдалану шектеулі мүмкіндіктер кезінде аса өзекті болды. Арменияда біз сандық технологияларды, электронды құжат айналымы және электронды үкімет құралдарын пайдаландық. Тиісті технологияларды қолданудың арқасында қолдауға мұқтаж әлеуметтік топтар нақты анықталып, мейлінше аз уақыт ішінде көмек көрсетілді, - деді ол.
Бұған дейін Тоқаев Қазақстанда цифрлы деректер орталықтарын құруға 500 млрд теңге инвестиция тарту көзделіп отырғанын айтты.