Шымкент және Түркістан, BAQ.KZ тілшісі. 2018 жыл – Қазақстан Республикасы картасындағы әкімшілік-аумақтың құрылымына елеулі өзгеріс енуімен есте қалды. Оңтүстік Қазақстан облысының орталығы болып келген Шымкент қаласының тұрғын саны 1 млн-ға жетіп, республикалық маңызы бар қала мәртебесін иеленді. Ал Оңтүстік Қазақстан облысының орталығы Түркістан қаласына ауысып, облыстың да атауы Түркістан облысы болып өзгерді. Сонымен ел тарихындағы елеулі жаңалықтың тікелей себепкері болған Шымкент қаласы мен Түркістан облысы 2018 жылды қалай өткізді? Шымкент пен Түркістанның 2018 - жылын 12 айға бөліп, болған оқиғаларды тізіп шықтық.
ҚАҢТАР-2018
23 қаңтарда Шымкент қаласының бюджеті 122,1 млрд теңгеге ұлғайды. Осы күні Шымкент қалалық мәслихатының кезекті сессиясы өтті. Онда Шымкенттің 2018-2020 жылдарға арналған бюджетіне облыстық бюджеттің нақтылануына байланысты өзгерістер енгізілді. Нәтижесінде 2018 жылғы қала бюджетінің көлемі 114,9 млрд теңгеден 122,1 млрд теңгеге ұлғайды.
АҚПАН - 2018
7 ақпанда Шымкент қаласының әкімі Нұрлан Сауранбаев 2017 жылы атқарылған жұмыс бойынша халық алдында есеп берді. Қала әкімі облыс орталығының өткен жылғы дамуындағы негізгі бағыттарға тоқталып өтті. Нақты айтқанда, былтыр 4310 отбасы баспаналы болған деді әкім.
16 ақпан күні Оңтүстік Қазақстан облысының әкімі Жансейіт Түймебаев Шымкент қаласындағы «Түркістан» сарайында өткен жылды қорытындылап, халық алдында есеп берді. онда әкім 2017 жылы өңірдің экономикалық және әлеуметтік салаларында атқарылған жұмыстарға тоқталып, алдағы жылда іске асырылатын жұмыс жоспарлары туралы баяндады.
Ал Сарыағаш ауданының әкімшілік орталығы - Сарыағаш қаласы, Келес ауданының әкімшілік орталығы ретінде Абай ауылы белгіленді.
НАУРЫЗ - 2018
15 наурызда Оңтүстік Қазақстан облысының әкімі Жансейіт Түймебаевтың төрағалығымен Сарыағаш ауданы, Абай ауылындағы мектептердегі орын алған келеңсіз жағдайға байланысты арнайы жиын өтті. Жиында әкім аталған оқиға дер кезінде назарға алынып, тиісті жұмыстар атқарылмағандықтан қоғамда резонанс тудырғанына тоқталды. Ж.Түймебаев ендігіде аталған мәселе қатаң бақылауға алынып, жүргізілу керектігін жеткізді. Жиын қорытындысында аталған келеңсіздіктің орын алуына жол берген бірқатар сала басшыларына түрлі деңгейдегі қатаң шаралар көрілетінін мәлімдеді.
20 наурызда ОҚО облыстық мәслихаттың кезекті ХІ сессиясында республикалық ономастика комиссиясының қарауына Оңтүстік Қазақстан облысындағы Түлкібас ауданының атауын қайта атау жөніндегі ұсынысы енгізілді. «Соңғы жылдары бұл мәселе бірнеше рет көтерілді. Кеңес заманында ауданның тарихи аты бұрмаланғаны тарихшы ғалымдарға да белгілі. Сондықтан Түлкібасы атауын Түркібасы деп өзгерту туралы ұсынысты бірауыздан қолдаймын. Аталған мәселе облыстық әкімдік пен облыстық мәслихат тиісті шешім шығарып, облыстық ономастикалық комиссияда қаралды. Соңғы шешімді республикалық ономастикалық комиссия қабылдайтын болады», - деді облыс әкімі Жансейіт Түймебаев.
СӘУІР - 2018
МАМЫР - 2018
21 мамыр күні Шымкенттің екінші теміржол вокзалы салынатыны мәлім болды. Шымкент қаласында бекітілген дамудың Бас жоспарына сәйкес тәулігіне 20 мың жолаушы өткізетін жаңа айналма теміржол вокзалы салынады. Заманауи үлгіде бой көтеретін қаладағы екінші теміржол желісінің техникалық құрылысының сипатын Оңтүстік Қазақстан облысының әкімі Жансейіт Түймебаевқа «Байланыс жолдарын дамыту ғылыми-зерттеу институты» ЖШС-нің директоры А.Оразбеков таныстырды.
22-23 мамырда Оңтүстік Қазақстан облысының орталығы Шымкент қаласында өткен Қазақстан-Өзбекстан бизнес-форумында 62 млн АҚШ долларынан астам сомадағы 8 құжатқа қол қойылды.
28 мамырда Шымкентте «Мерейлі отбасы» ұлттық конкурсының бірінші кезеңінің жеңімпаздары анықталды. Биыл бесінші рет ұйымдастырылып отырған байқауда 33 отбасының ішінен үздік танылған екі отбасы қалалық оқушылар сарайында өткен салтанатты жиында марапатталып, өңірлік байқауға жолдама алды.
24 мамырда миллионға жуық халқы бар Шымкенттің дамуының тұжырымдамалық бағдарламасы қабылданды. Бұл құжат Шымкент қалалық мәслихатының кезектен тыс жиырма сегізінші сессиясында қаралған болатын. Сессия тарихында алғаш рет Шымкент қаласы өңірлік мегаполисінің тұрақты және кеңістік дамуының тұжырымдамалық бағдарламасын қабылдау туралы ұсыныс айтылды. Қалалық мәслихаттың депутаттары Шымкент қаласының алып мегаполис болып, оның даму бағдарламасын бекіту туралы құжат тұңғыш көтеріліп отырғанын тілге тиек етті. Осылайша сессияда қаралған өзге де мәселелер депутаттар тарапынан қолдау тапты.
МАУСЫМ - 2018
5 маусымдағы елеулі жаңалық Оңтүстік Қазақстан облыстық мәслихатының кезектен тыс жиырма үшінші сессиясында айтылды. Сессияда депутаттардың қарауына Шымкент қаласы халқының бір миллионға жетуіне орай, оған ерекше мәртебе беру, облыс орталығын Түркістан қаласына көшіру және осыған байланысты облыстың, Түркістан, Кентау қалаларының шекараларына өзгерістер енгізу мәселелері ұсынылды. Оңтүстік Қазақстан облысының орталығы Түркістанға ауысқанда, Түркістан мен Кентау қалаларының шекаралары өзгереді.
6 маусымда Шымкенттің миллионыншы тұрғынының есімі жария болды. Осы жылдың 17 мамырында дүниеге келген Айсұлудың отбасына шымкенттік кәсіпкер Қайрат Молдасейітов екі бөлмелі пәтер сыйлады.
Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Оңтүстік Қазақстан облысының әкімшілік-аумақтық құрылысындағы өзгерістер туралы Жарлыққа қол қойды. Бұл туралы Ақорданың баспасөз қызметі хабарлады. Жарлыққа сәйкес Мақтаарал және Сарыағаш аудандарының әрқайсысы екі ауданға бөлінді.
Түркістан қаласы облыс орталығына айналатыны туралы хабар шыққанынан кейін Түркістан қаласында жылжымайтын мүлік бағасы өсе бастады. «Түркістан облыс орталығына айналды. Енді со жақта үй мен жердің бағасы қымбаттайды екен». Дәл қазір Оңтүстікте екі адамның басы қосыла қалса, айналып өтпейтін тақырыптың бірі – Оңтүстік Қазақстан облысының әкімшілік орталығы Түркістанға көшірілетіні мен сондағы жылжымайтын мүлік бағасы болды. Бұған дейін Рухани астана ретінде танылып келген мекеннің облыс орталығы болатыны жөніндегі ақпар жергілікті жылжымайтын мүлік нарығын әрі-сәрі күйге түсіріп кетті. Үйін не жерін сатуға шығарғандары бағасын күрт көтерсе, пәтер иесі жалға беру ақысын қымбаттатып та жіберді. Әйткенмен, бұл абыр-сабыр өзін қаншалықты ақтап жатыр? Сырттағыны елітіп, талайды Түркістан нарығына үңілтіп қойған хабардың расында әсері қалай болды? Бұл туралы Baq.kz арнайы тілшісімен әңгімелескен түркістандық риэлторлар мен мүлік иелері айтып берді.
19 маусымда Нұрсұлтан Назарбаев «Қазақстан Республикасының әкімшілік-аумақтық құрылысының кейбір мәселелері туралы» жарлыққа жария түрде қол қойды. Мемлекет басшысы жарлыққа жария түрде қол қою рәсімінде сөйлеген сөзінде Шымкент миллионнан астам тұрғыны бар Астана мен Алматы қалаларының қатарына қосылғанын айтты.
– «Қазақстан Республикасының әкімшілік-аумақтық құрылысы туралы» заңның 3-бабының 1-тармағына сәйкес бүгін мен қол қоятын жарлық Шымкентке республикалық маңызы бар қала мәртебесін береді. Бұл әкімшілік бірлік еліміздегі он жетінші аймақ болады. Облыс орталығы ғасырлар бойы Қазақ хандығының және бүкіл түркі әлемінің саяси әрі рухани орталығы болған Түркістан қаласына көшіріледі, – деді Қазақстан Президенті.
27 маусымда ҚР Премьер-Министрінің бірінші орынбасары Асқар Мамин Түркістан облысының орталығы Түркістан қаласына жұмыс сапарымен барды.Сапары барысында Түркістан аймағын дамыту перспективалары туралы комиссияның бірінші отырысына қатысып, қаланың даму жоспарымен танысты.
ШІЛДЕ - 2018
10 шілдеде алтыншы шақырылымдағы облыстық мәслихаттың кезектен тыс жиырма жетінші сессиясында Түркістан облысының таяуда бөлініп, қайта құрылған Жетісай, Мақтаарал, Келес, Сарыағаш аудандарының шекаралары бекітілді.
17 шілдеде Шымкент қаласы әкімдігінің алғашқы бес басқармасы құрылды. Жаңадан құрылған басқармаларды уақытша сынақ мерзімімен басқаратын басшылары да тағайындалды.
25 шілдеде Шымкент қаласында орналасқан аумақтық органдардың бірі - Мемлекеттік кірістер департаменті облыс орталығы Түркістан қаласына алғашқылардың бірі болып көшті бастады. Яғни, Түркістан қаласында бүгін ҚР Қаржы министрлігіне қарасты аумақтық органдарының өкілдігі ашылды.
27 шілдеде Түркістан облысында өткен облыстық кезектен тыс ХХVІІІ сессиясында Түркістан қаласындағы 721745 га аумақ жер, яғни, 12 ауылдық округ Кентау қаласының аумағына өтетін болды.
ТАМЫЗ - 2018
Осы күні Шымкент қалалық білім беру басқармасының басшысы тағайындалды.
20-21 тамызда ҚР Премьер-министрі Бақытжан Сағынтаевтың Шымкент қаласы әкімдігінің активі және жергілікті кәсіпкерлермен кездесуі өтті. Шымкентте ауқымды жобалар жүзеге асырылмақ және оны қала әкімдігі Орталықтың қолдауын күтпей, бастай беруіне болады. Осы кездесуде қала әкімі Ғабидолла Әбдірахымов 5 ірі жобаны таныстырды.
24 тамызда Түркістан облысының Жетісай ауданы, Жетісай қаласындағы орталық саябақта "Қауын fest" облыстық фестивалі өтті. Фестивалге аталған аудандарынан бөлек, облыстың өзге қала, аудандарынан қауын-қарбыз егумен айналысатын шаруалар жиналды. Олар қауынның 27 түрінен 30 тонна көлемінде қауын әкелді.
ҚЫРКҮЙЕК - 2018
29 қыркүйекте Елбасы Н.Ә.Назарбаев Түркістан қаласына ресми сапары барысында әуелі Түркістан қаласының даму копцепциясымен танысып, салтанатты түрде жаңа әкімшілік іскерлік орталықтың капсуласын салды.
Сосын «Әзірет Сұлтан» тарихи-мәдени қорық-музейінің аумағында орналасқан Қожа Ахмет Яссауи мавзолейін аралап көрді. Мемлекет басшысына Түркістанның тарихи-мәдени орталығын қайта жаңғыртуға байланысты «Әзірет Сұлтан» қорық-музейінің даму жоспары таныстырылды.
Түркістан облысының орталығы – Түркістан қаласына ресми сапарында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев шаһардағы «Этноауыл» алаңында ұйымдастырылған «Түркістанға оралу» салтанатты іс-шарасының құрметті қонағы болды. Сондай-ақ, мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Түркістан облысының әлеуметтік-экономикалық даму мәселелері жөнінде кеңес өткізгені белгілі. Сол жиында Елбасы министрлер мен үкімет мүшелеріне, еліміздегі алпауыт компаниялардың басшыларына Түркістан қаласына бір-бір нысан салу жөнінде тапсырма берді.
Президент Оңтүстік өңіріне сапары барысында Шымкент қаласының активімен де кездесті. ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың Шымкентке сапарында республикалық маңызы бар қала мәртебесіне ие шаһардың ендігі даму бағыты қалай боларын, нені алға шығарып, қандай көрсеткіштерді жақсарту керегі жөнінде міндеттер жүктеді. 28-29 қыркүйек күндері Шымқалада болып, үшінші мегаполистің болашағын пайымдаған Елбасының Шымкент мұнай өңдеу зауытынан басталып, қала активімен кездесуіне жалғасқан сапарының қалай өткенін Baq.kz аймақтағы тілшісі шолып шықты.
ҚАЗАН - 2018
9 қазанда Түркістан мен Алматы қаласының арасында жүрдек пойыз бағыты ашылатыны мәлім болды. Аталған пойыз Алматыдан жұма күні шығып, жексенбі күні кері қайтады. Саяхатшы жолаушылар қонақ үй іздемей, осы пойызда тынығып, Түркістанды екі күн аралайды. Әзірше бұл пойыз аптасына 4 рет жүргізілсе, келешекте күн сайын сапарға шығады деген жоспар бар.
Шымкентте ресми түрде Қала күні - 19 маусым болып бекітілді. 25 қазанда Шымкент қаласы мәслихатының кезектен тыс 40-сессиясы барысында депутаттар осындай шешім қабылдады.
23 қазанда Түркістанда алғашқы 5 жұлдызды қонақүйдің құрылысы басталды. Облыс әкімі Жансейіт Түймебаев «Қала күні» мерекесінің қарсаңында«RIXOS KHADISHA TURKESTAN» бес жұлдызды қонақ үйінің капсуласын салу рәсіміне қатысты.
31 қазанда Түркістан қаласының дамуы бойынша 2018-2021 жылдарға арналған даму концепциясы жасалып, Түркістан қаласын 3 аймақ бойынша дамыту жұмыстары әзірленіп жатқаны мәлім болды. Атап айтқанда, тарихи киелі аймақ - 89 гектар; құрылыс салуды реттеу аймағы - 98 гектар; әкімшілік-іскерлік орталығы - 700 гектар аумақта орналасқан. Бұл туралы Түркістан облысының әкімі Жансейіт Түймебаев ҚР Орталық коммуникация қызметі ұйымдастырған көшпелі брифингте мәлімдеді.
ҚАРАША - 2018
19 қарашада Шымкентте Қазақстан-Өзбекстан бизнес форумы өтті. Шымкентте алғаш рет өткен Қазақстан мен Өзбекстанның өңіраралық ынтымақтастығының алғашқы форумында бірқатар келісімдер жасалды. Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің бірінші орынбасары Асқар Мәмин және Өзбекстан Республикасы Премьер-Министрінің бірінші орынбасары Ачилбай Раматов әріптестікті дамыту бойынша меморандумға қол қойды. Пленарлық отырыста екі елдің облыс және қала әкімдері де бірлесе меморандум түзді.
22 қарашада Шымкентте бұрынғы қорғасын зауыты аумағындағы биіктігі 210 метрлік мұржа-мұнара құлатылды. Алып мұржаны құлату процессі бір аптаға созылды. Арнайы техника күнұзаққа мұржаның етегін айналдыра тескіледі. 22 қараша күні кешкісін мұржа-мұнараның құлатылған видеосы таралды.
30 қарашада Түркістан облысының орталығы - Түркістан қаласындағы әкімшілік-іскерлік орталығында "іскерлік орталықтың" алғашқы құрылыс жұмыстары басталды. "Ауданы 50 мың шаршы метрді қамтитын ғимарат 4 қабаттан тұрады. Мұнда заманауи тиімді кеңселер, су мен энергияны тиімді пайдалану жүйесі қарастырылған. Яғни, іскерлік орталық автоматтандырылған "ақылды ғимарат" қағидасымен жобаланған", - деді облыс басшысы.
ЖЕЛТОҚСАН - 2018
10 желтоқсанда Түркістан қаласының Ташкент шаһарымен сауда-экономикалық, туристік қатынастарын нығайту мақсатында «Түркістан-Ташкент» халықаралық автобус бағыты ашылды. Айта кетерлігі, бағыттың жалпы қашықтығы - 335 шақырым. Жолға кететін уақыт - 6 сағат 40 минут. Екі бағытта күнделікті 2 автобус қатынайды. Түркістан қаласынан шығу уақыты («Алтын Орда» автобекеті) сағат 07:00 және 17:00-де. Ал Ташкент қаласынан шығу уақыты («Ташкент» автовокзалы) - сағат 08:00, 18:00 (Астана уақытымен). Техникалық аялдама – 30 минут. Жол жүру тарифі - 2000 теңге немесе 50000 сум.
Құрғақ шұбат пен құрғақ қымыз шығаратын зауыттың қандай екенін және ондағы өндіріс процессінің қалай жүретіні туралы Baq.kz аймақтағы тілшісі жазған болатын.
24 желтоқсанда Түркістан облысының орталығы - Түркістан қаласында облыс әкімі Жансейіт Түймебаевтың қатысуымен жаңа әкімшілік-іскерлік орталықта орналасқан «Түркістан-жаңа қала» тұрғын үй алабының қазығын қағып, іргетасын қалау рәсімі өтті.
Мінеки, 2018 жылдың басын бір облыс және оның орталығы болып біртұтас бастаған бұрынғы Оңтүстік Қазақстан облысы, яғни қазіргі Түркістан облысы мен бұрынғы облыс орталығы, қазіргі жеке қала Шымкент жыл ортасына таяғанда бір-бірінен ажырады. Осылайша, 2018 жылды әрқайсысы жеке-жеке тарихымен аяқтады.
Жанат Смағұл