200 мың теңгесін Қазақстанда жаратуға қазақтар әлі дайын емес – депутат

21 Маусым 2024, 14:18
529
Бөлісу:
200 мың теңгесін Қазақстанда жаратуға қазақтар әлі дайын емес – депутат
Фото: BAQ.KZ -архив

Бұл туралы Мәжіліс депутаты Елнұр Бейсенбаев Парламент палаталарының бірлескен отырысының кулуарында айтты, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Мәжіліс депутаты Елнұр Бейсенбаев жазда екі айда қандай жоспары бар екенін айтты.

Біріншіден, екі ай демалмаймыз. Шілде айының басында 15 күн өңірлерді аралаймыз. Тамыз айының соңында 15 күн өңірлерді аралаймыз. Депутаттардың бұл арнайы каникулдары тек өңірлерге барып жұмыс істеу үшін ғана. Өйткені алдағы 10 ай бойы Мәжілісте өңірлерде көтерілген мәселелер бойынша жұмыс атқарылады, - деп түсіндірді ол.

Мәжілісмен еліміздің 5-6 өңіріне баруды жоспарлап отырғанын айтты.

Сонымен қатар депутаттан жазда қазақстандықтарға қай өңірлерге саяхаттауға кеңес беретінін сұрадық.

Қазақстанда бірегей жерлер өте көп. Шығыста, оңтүстік пен батыста тарихи орындар, оған қоса Астана қаласының өзі ауылда, шалғайда тұратын азаматтар үшін үлкен қала, big city ретінде қарастыруға болады. Сол себепті Қазақстанда демалатын орындар көп. Әрине лайықты инфрақұрылым жоқ шығар, мүмкін тиісті жағдай жасалмаған шығар. Қазақстанда туризм проблемасы бар. Әлемде Қазақстанға ұқсайтын ландшафтары бар мемлекет көп. Мысалы, Түркия, Еуропаның кейбір мемлекеттері, Швейцария табиғатының бізге ұқсайтын жерлері бар. Оларда туризм әлдеқайда дамыған, - деп айтты Бейсенбаев кулуарда.

Оның сөзінше, бұл мемлекеттерде ЖІӨ-нің 10-12 пайызын туризм құрайды. Ал бізде ол 1 пайызға да жетпейді. Ал бюджетке әкелетін қаржы 3% ғана. Бұл өте төмен көрсеткіш.

Қасымыздағы көршілес Өзбекстаннан да қалып тұрған тұстарымыз бар. Қателеспесем, Ташкенттен Самарқандқа дейін шамамен 700 шақырым. Ары қарай Бұхараға дейін 800 шақырым. Осы аралықтағы логистика Өзбекстанда ұйымдастырылған. Бізде олай ұйымдастырылмаған. Мынау тұрған Бурабайдың өзіне жетуіміз бар. Бірақ ішінде олқылықтар да бар, - деді Мәжіліс депутаты Елнұр Бейсенбаев.

Депутаттың ойынша, туристік кластерді бірте-бірте дамыту керек.

Туризм саласын дамытуымыз қажет. Оған міндетті түрде акцент берілуі керек. Мемлекет басшысы жуырда туризм бойынша үлкен кеңес өткізді. Туризмді мемлекет басшысының өзі сынады. Жолдардың өзі дайын емес. Белгіленген республикалық трассалар дайын емес. Трасса деген тек жол ғана емес, ол оның бөктеріндегі әлеуметтік нысандар, демалыс орындары, қауіпсіздік мәселелері. Оған қоса елімізде халықтың арасында әлі күнге дейін “Қазақстанда демалу, Қазақстанда қаражатымды жарату” деген мәдениет қалыптаспаған. Бұл да қынжылтады. Қасымыздағы мемлекеттерге барып, 2-3 млн теңгесін 10-15 күнде жаратып келуге дайын отбасылар бар екені өтірік емес. Ал Қазақстанда 200 мың теңгесін жаратуға қазақтар әлі дайын емес. Осы мәселені кейде азаматтарға патриоттық нысанда да айту керек. Айналайындар-ау, өз қаражатымыз өзімізде табамыз. Оны шетел валютасына айналдарып, басқа елде жаратамыз. Бұл шын мәнінде нонсенс қой. Оны елімізде жаратайық. Ішкі туризм жылын жариялайық, - деп ұсыныс айтты Бейсенбаев.

Мәжілісмен өзі жыл сайын Алакөлге демалуға, Алматыда тұратын ата-анасына баратынын айтты. Сөзінше, депутат бала-шағасымен бірге Қазақстанда демалады.

Өзгелердің жаңалығы